Accessibility links

Рақымшылық туралы заң жобасында 14 мың азаматқа кешірім жасау көзделіп отыр


Қазақстан үкіметі ел парламентіне “Республиканың тәуелсіздік күніне байланысты рахымшылық жасау туралы” заң жобасын енгізді. Бұл заң жобасы қабылданса, жалпы алғанда 14 мың адам бостандыққа қол жеткізбек. Олардың арасында абақтыда отырғандармен біге әртүрлі мерзімге шартты жазаға кесілген азаматтар да бар. Қазақстандық заңгерлердің бір бөлігі мұндай заң жобасының қабылданғанын қолдаса, екіншілері қамауда отырған азаматтардың санын басқаша азайту керек деген пікір айтады.

Қазақстанның заң шығарушы органы сәрсенбі күні “Рақымшылық жасау туралы” заң жобасын қарастырғалы отыр. Егер жоба қабылданса, қамауда отырған жүкті әйелдер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен зейнеткерлер, балалары кішкентай аналар бостандық алмақ. Қалай болғанда да алдағы екі айда осы азаматтардың тағдыры шешіледі деп, жоспарланып отыр.

«Айтулы оқиғаларға байланысты рақымшылық жасауды жүргізу әлем мемлекеттерінің көпшілігінің тәжірибесінде бар. Сонымен қатар, бұл адамдардың Конституциялық құқықтары шектелген жағдайда мемлекеттің өз азаматтарына деген пейілділігі, кішкентай болса да жақсылығын білдіреді. Бұл заң бас бостандығынан айырылған 6 мыңдай адамға және қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға сотталған 8 мыңдай адамға қолданылады деп көрсетілген. Бұл заң жобасы, жалпы алғанда, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, жасы кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар аналарға арналған», - дейді Қазақстан парламентінің депутаты Нұртай Сәбилянов.

Бүгінгі таңда Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы 100 түзеу мекемесінде 44 мыңдай адам қамауда отыр. Осыдан 3 жыл бұрын рақымшылық жариялау арқасында 14 мыңдай сотталған азамат бостандыққа қол жеткізген болатын.

«Мемлекет болғаннан кейін адамдар бір қателігін түзеп шыққаннан кейін өзінің қоғамға, мемлекетке еңбегін сіңіретін шығар деген ойдамын. Сол себептен бұл заң қабылдануы керек», - дейді парламент мүшесі Н.Сәбилянов.

Ал, Қазақстанның адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис, мемлекет рақымшылық жариялаудан бұрын абақтыға отыратындардың, сотталатындардың санын азайтуды ойластырғаны дұрыс деп есептейді.

«Көптеген елдерде рақымшылық жарияламайды, себебі, демократиялық елдерде солай қалыптасқан. Ал, біз рақымшылық жариялау арқылы абақтыға отырғызбай-ақ қоюға болатын, немесе қатаң жазаға тартпай-ақ қоятын азаматтарға бостандық береміз, сөйтіп жыл сайын өз қатыгездігімізді жұмсартқымыз келеді. Оның орнына біз сот жүйесін гуманистік түрде қалыптастырсақ, сот жүйеміз жақсы жұмыс істейтіндей жағдай қалыптастырсақ, бұл рақымшылық жариялаудан әлдеқайда жақсы болар еді», - дейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.

Ресми Астана саясатын қолдайтын заңгерлер рақымшылық туралы заң жобасы республиканың тәуелсіздік күніне орай дайындалғанын айтып отыр. Ал адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис рақымшылық туралы заң жобасын Қазақстанда соңғы болған саяси оқиға – президент сайлауымен байланыстырып отыр.

«Менің ойымша, бұл желтоқсан айының басында өткен президенттік сайлауға және алдағы қаңтар айында болатын президенттік инауграцияға орай ұйымдастырылып отырған шара», -дейді Евгений Жовтис.

Заңгер мамандардың айтуынша, рақымшылық жариялағаннан кейін, абақтыдан шыққан азаматтарға өмірге қайта бейімделуге жағдай жасау керек.

«Олардың құқығы шектелмеуі тиіс, бірақ, көп жағдайда бұл ескерілмей жатады», дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG