Accessibility links

Орта Азия елдеріне Әлем банкынан келетін көмектің орны ерекше болмақ


Әлем банкының ұйымдастыруымен наурыздың 28-і күні Чехия астанасы Прага қаласында 5-ші экономикалық білім форумы ашылды. Үш күнге жалғасатын бұл жиынға Шығыс Еуропа және Орталық Азияның бірқатар елдерінен келген ресми өкілдер қатысуда.

Еуропа және Орта Азиялық ондаған мемлекеттен Прагаға келген сарапшы мамандар, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті экономикалық жағдайды жақсарту жолында қазіргі заманауи технологиядан қандай тиімді пайдалану мәселелерін талқылауға кірісті.

Дегенмен, өнеркәсібі дамыған елдер мен ауыл шаруышылығы басым, сондай-ақ, шикізат экспортымен көбірек шұғылданатын мемлекеттер арасындағы экономикалық жағдайдың өз ерекшелігі де бар. Міне, сондықтан да, бұл форумға, өнеркәсіп саласы өрлей түскен Еуропа мен ауыл шаруашылығы мен шикізат шығаруға тәуелділеу аймақ - Орта Азиядан келген өкілдер бас қосып, өзара пікір алмасуда.

- Орта Азиялық республикалар алдында тұрған бір негізгі мәселе - өнеркәсіптік экономикаға баса назар аударып, тек қана табиғат байлығы, атап айтқанда, тек қана мұнай мен өзге минералдарға тәуелділіктен арылу мәселесін шешу керек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің қайтымын да ұлғайту үшін жаңа технологиядан пайдалануды іске қосу қажет, - дейді Анетта Диксон.

Дегенмен, тәуелсіздік жолына түскеніне 15 жылдай болған бұл елдердің өз мәселелері де баршылық. Мысалы, АҚШ, Еуропадағы фермерлер секілді, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы, Орта Азиялық шаруа иесі, диқан, әзірше тек армандай ғана алады. Бұрынғы советтік кездегі техниканың тозығы жетіп, олардың барының өзі жекешелендіру кезінде заңды-заңсыз жолдармен қолды болып кеткен. Ал жаңасын сатып алуға әркімнің де шамасы келе бермейді. Банктерден несие қарыз алудың өзі оңай шаруа емес. Ал еуропалық маман Аннета Диксон болса, сол Орта Азиялық дихан және шопандар үшін қажетті технологияға шетелдік инвестицияны молынан тарту қажет дейді.

Диксон, ол үшін Орта Азиялықтар өз табиғи байлықтарынан пайдалануы керек, соның есебінен қажетті техника алып, оны шаруашылыққа жұмсауға болар еді дегенді айтады. Бірақ, ол техника өте қымбат болмауы керек, дейді сарапшы.

Талдаушымыздың пікірінше, Қазақстан өз мұнайы арқасында Орта Азия аймағында ең үлкен экономикалық даңққа бөленіп отырған мемлекет. Дегенмен халықаралық қаржыгерлер, экономистер, соңғы бірнеше жылдан бері, Қазақстан енді мұнайға тәуелді бола бермей, экономиканың басқа тармақтарын дамыту шарасын қолға алуы қажет дегенді айтумен келеді. Ол үшін, Анетта Диксонның айтуынша, алдымен Қазақстанға болашаққа қажетті мамандарды жастар арасынан дайындау керек екен.

- Қазақстанның мұнай кенінен ұтымды пайдалануға мүмкіндігі мол. Білім беру жүйесінің сапасын көтеру керек. Ол үшін үкімет алдымен, білім беруге инвестиция салуы қажет. Сонымен, қазақстандық студент бұрынғы білім беру жүйесінен заманауи экономикалық білім алу деңгейіне көтерілуі керек, - дейді Анетта Диксон.

Анетта Диксонның айтуынша, Әлем банкы, бұл орайда екі бағытта көмек бере алады екен. Біріншіден, Халықаралық қаржы корпорациясы арқылы жекеше секторға көмектесу, екіншіден, мысалы, Қырғызстан секілді елдерге көмектесу үшін инвесторлар табуға жәрдемдесуге мүмкіндігі бар екен.

Бірақ әрине, әр нәрсенің де есебі бар. Өзбекстан президенті И.Кәрімов, «Әлем банкы жалған статистикасымен бізге қарсы ақпараттық соғыс жариялады» дегеннен соң, осыдан бір апта бұрын, Әлем банкы ол елге жоспарлап қойған өз қарызын берілмейді деп тоқтатып тастады.

Сонымен, наурыздың 30-ы, бейсенбі күні аяқталатын Прага Форумына, Түрікменстаннан өзге, Орта Азиялық 4 республикадан да ресми өкілдер келіп қатысып отыр.
XS
SM
MD
LG