Accessibility links

“Халық дабылы” қозғалысы конференция өткізді


31 наурыз күні Алматыда Қазақстан Жазушылар Одағында өткен “Халық дабылы” қозғалысының конференциясында бас қосқан қоғам өкілдері ұлт мәселесін шешудің қандай жолдары бар деген мәселені талқыға салды.

Қазақстан Жазушылар Одағында өткен конференцияға негізінен ұлттық бағыттағы қозғалыс өкілдерінің мүшелері жиналды. Конференция қаламгерлер қауымының ғимаратында өткенімен, ұлт мәселесіне арналған жиынға жазушылардың азғантай тобы ғана келді. Конференция жұмысына қатысқан “Ұлт тағдыры” қозғалысы басшыларының бірі Хасен Қожахметтің айтуынша, ұлттың тағдырына қатысты осындай маңызды жиындарға жазушыларды шақырып келтіру қиын екен. Өз сөзінде ол қазіргі көтеріліп жатқан қазақ мәселесін тыңдағысы келмейтін жазушылардың ол туралы толыққанды пікір айта алатындығына сенімсіздік білдірді. Соған қарамастан жазушылар өз шығармаларының өтпей жатқандығын жиі әңгіме қылады екен.

“Халық дабылы” қозғалысының мүшесі Ораз Әлімбек қазіргі уақытта биліктің де, сонымен қатар оппозицияның да ұлттық мәселелерден ат-тонын ала қашатындығын сөз қылды. Осы сөздеріне дәлел ретінде ол билік өкілдері мен оппозиция басшыларының конференция жұмысына қатыспағандығын мысалға келтірді. Сондықтан да Ораз Әлімбек алдағы уақытта ұлт тағдырына байланысты өзекті мәселелердің өз шешімін табатындығына күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген ұлттық бағыттағы ресми және бейресми ұйымдар елдің өміріне елеулі өзгеріс әкеле алмаған. Ал, “Апта кz” апталығының тілшісі Гүлмира Тойболдина оппозиция басшылары ұлттық мәселелерді көтермейді деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта билік ұлт мәселесін саяси мақсатын жүзеге асыратын ойынның құралына айналдырып отыр да, керісінше, оппозиция тарапынан көтеріліп жатқан, елді жайлап бара жатқан коррупция, әлеуметтік жағдай, т.с.с. тікелей қазақ ұлтының тағдырына қатысты өзекті проблемалар болып табылады.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали болса “Азаттық” радиосына берген сұхбатында қазіргі ұлтшылдардың билікпен қарым-қатынасының жақсы екендігін тілге тиек етті. Оның себебін Әзімбай Ғали көптеген ұлттық мәселелерді тек билікпен келісіп отырып қана шешуге болатындығымен түсіндірді. Кәсіби дипломат Болатхан Тайжанның айтуынша, Қазақстанда ұлттық тұтастық болмағандықтан, көп мәселелер жүзеге аспай келеді.
XS
SM
MD
LG