Accessibility links

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар елдегі түрме жүйесін сынға алып отыр


Қазақстандағы бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері 25-ші көкекте Алматыда елдегі түрме жүйесіндегі реформалар тоқтап, керісінше, кері кету байқалып отыр деп мәлімдеді. Олар соның бір мысалы - жақында Алматы маңайындағы Заречная елді мекенінде орналасқан түрмедегі сотталғандардың өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы десе, Әділет министрлігінің өкілі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтқандарымен келіспейтіндігін айтып, елдегі түрме реформасы жоспарлы түрде іске асырылып жатқанын айтады.

Қазақстан Орта Азиядағы елдер арасында түрме жүйесін әжептеуір жақсартқан бірінші мемлекет екенін Қазақстандық үкіметтік емес ұйым өкілдері мойындап отыр. Тәуелсіздік алғаннан соңғы жылдары әрбір 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырған адам саны бойынша Қазақстан дүние жүзінде алдына тек АҚШ пен Ресейді салып, үшінші орыннан бірақ шығып еді. Қазір жағдай өзгергенімен жоғарыдағы көрсеткіш, яғни түрме индексі бойынша Қазақстан Орта Азиядағы мемлекеттер арасында көш бастап тұр. Мысалы, Қазақстанда қазір барлығы 50 мыңдай адам түрмеде отыр. Демек, әрбір 100 мың адамның 342-сі түрмеде екен. Көрші елдермен салыстырсақ, бұл көрсеткіш Қырғызстанда 247 болса, Тәжікстанда әрбір 100 мың адамның 164-і түрмеде отыр екен. «Қазақстанда түрмелер жүйесінің жақсаруы 1995 жылдарғы реформадан басталып еді» дейді, Адам құқықтарын қорғау және заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро жетекшісі Евгени Жовтис.

«Бұл бағытта басталған процесстер қазір кілт тоқтап, кейбір жерлерде кері кету байқалады. Тоқтап қалған осы саладағы заңдарды одан әрі жетілдіру болсын, әділет министрлігіне әрең берілген бұл жүйедегі күзетті, қайтадан ішкі істерге беру керектігі туралы әңгіме көтеріле бастағаны - осы саладағы реформаның тоқтап, кері қайта бастағанын аңғартады. Біз соған алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Заречная кентіндегі түрмедегі оқиға да сол түрме жүйесіндегі жағдайдың жұмсара қоймағандығының белгісі», - дейді Жовтис мырза.

Алматы маңындағы Заречная елді мекенінде орналасқан түрмеде 30-наурыз күні 73 адам өздерінің денесін жарақаттау арқылы түрме басшыларының қатаңдығы мен тінту әрекеттеріне наразылық білдірген болатын. «Бүлікшілер» деп танылғандың барлығы қазір Талдықорған, Өскемен түрмелеріне бөліп-бөліп жіберіліпті. Ішіндегі белсенді деп танылған 9 адамға қосымша сот ісі қарастырылып жатса керек.

Түрме саласындағы реформалдардың тежеуілдеп қалуының бір себебі деп, Адам құқықтары хартиясы қоғамдық қордың жетекшісі Жеміс Тұрмағанбетова мынаны айтады:

«Жаңадан келген әрбір министр өзінің командасын алып келеді де, бұрын осы салада істеп жүрген кәсіби мамандар кетіп, не оларды кетіріп, басталған іс жалғасын таппай, аяқсыз қалады».

Ал, ҚР әділет министрлігінің ақпараттық-талдау бөлім бастығы Ғалымжан Хасенов адам құқығын қорғаушылардың бұл тұжырымымен келіспейтіндігін айтады.

«Құқық қорғаушылар не дейтінін өздері білер, бірақ біздегі түрме жүйесінде қайырымдылық бағытында реформалау өте жетістікпен жүзеге асып жатыр. Мысалы, Тәуелсіздік күніне арнап жарияланған қайырымдылық бойынша елде қамауда отырған 5 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды. Түрмедегілер қалаған уақытта телефон арқылы ақысын төлеп, туған-туыстарымен сөйлесе алады. Түзеу мекемелеріндегі әділетсіздікке деген шағым былтырғымен салыстырғанда 2 процентке азайды», - дейді әділет министрлігінің өкілі.

Адам құқықтары мен түрме реформаларының мониторингімен айналысатын комитет деп аталатын Павлодарлық үкіметтік емес ұйым жетекшісі әрі Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Светлана Ковлягина түрмедегі жағдаймен танысқысы келген қоғамдық ұйымдар түрлі кедергілерге кезігеді дейді.

«Қоғамдық бақылау ұйымдарының жүйелі түрде түрмелерді тексеріп, бақылап тұруларына болатындығы заңмен бекітілген. Бұл нұсқау БҰҰ-ның Қазақстанға қинауға қарсы берген ұсыныстарында да бар. Бірақ біздерде түрмелерге кенеттен бару құқығымыз жоқ, ал кейбір жерлерде ҚБК-лер түрме басшыларынан әртүрлі кедергілерге тап болады», - дейді Ковлягина ханым.

Ал, әділет министрлігінің ақпараттық-талдау бөлім бастығы Ғалымжан Хасенов болса оның айтқанын жоққа шығарады:

«Бізде бақылау үшін қоғамдық ұйымдарға түрмеге кіруге кедергі келтірілмейді. Олар қалаған уақытта түрмелерге кіре алады».
XS
SM
MD
LG