Accessibility links

20-маусым – дүниежүзілік босқындар күні


БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасының дерегі бойынша, қазіргі күні Қазақстанды 7 жарым мыңға жуық босқын паналап отыр. Олардың арасында Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қытай, Өзбекстан және өзге де елдерден келгендер бар.

Жасы 40-тан енді асқан ауған азаматы Ахмадия қазір әйелі және екі баласымен бірге Алматыда тұрып жатыр. Кезінде, Ауғаныстанда тәлібтер билік басына келген 1996 жылы, ол Отанынан бассауғалап кетіп, Қазақстанды паналапты. 1998 жылы халықаралық ұйым оған босқын мәртебесін беріпті. Бірақ, Қазақстанда өзінің әлеуметтік жағдайының қиын екенін айтқан Ахмадия, енді мұхиттың ар жағындағы Канада еліне сұранып отыр.

- Қазақстанды тастап кеткім жоқ, бірақ, босқын болғандықтан, мұнда тұрақты жұмысқа алмайды. Ал азаматтық алатындай жағдайымыз болмай тұр. Өйткені, Қазақстанда босқындар туралы заң жоқ. Ал біздің ауған отбасыларының көбінде 6-7 баладан бар. Оларды асырау қажет. Канада бізге азаматтық беруге дайын болғандықтан, сол жаққа кетуімізге тура келіп тұр, - дейді ауған босқыны.

Қазіргі таңда Қазақстанда Ауғанстаннан қоныс аударғандар саны 1 мыңнан астам дейді, Алматыда орналасқан ауған диаспорасын қолдау қорының президенті Ахмадулла Васток. Оның айтуынша, басым бөлігі Алматыда тұрып жатқан ауған босқындарының 98 пайызы базарда сауда-саттықты кәсіп етеді екен. Ахмадулла Васток мырзаның өзі кезінде Кеңес одағында білім алып, кейін Қазақстан азаматтығын алған соң, осында тұрып қалыпты. Ол Алматыдағы ауған босқындарының әлеуметік-тұрмыстық жағдайының ауыр екендігін айтады.

- Осындағы барлық ауған босқындары пәтер жалдап тұрады. Олардың жеке баспаналары жоқ. Ал жұмысқа тұру үшін, олардың тұрақты жайы болуы қажет, сондықтан, материалдық жағынан қиыншылық көруде, - дейді А.Васток.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Дюбон Сезар мырзаның айтуынша, қазірде бұл мәселе жайында халықаралық ұйым Қазақстан үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді.

- Қазақстанды қоныстанып қалғысы келетін босқындарды қалдыруға жағдай бар, бірақ заңнамалық тұрғыда біраз мәселенің басы ашылмай тұр, - дейді Дюбон Сезар.

Халықаралық ұйымдардың дерегіне сәйкес, қазір Қазақстанда Ауғанстан, Шешенстан, Тәжікстан және т.б. елдерден ауып келген 7,5 мыңдай босқын бар. Бірақ осылардың барлығын материалдық жағынан толыққанды қамтамасыз ету өзекті проблема болып қалып отыр. Оның негізгі себебі - Қазақстанда босқындардың жүріп-тұруын реттестіретін заң әлі күнге дейін қабылданбаған дейді мамандар. Ал Қазақстанға көршілес аймақтардан босқындар легі алдағы уақытта да жалғасады дейді Ахмадулла Васток мырза:

- Ауғанстандағы талибан режимі құлағанымен, қатардағы азаматтардың барлығы қаруларын мемлекетке толық тапсырған жоқ. Сондықтан, ара-тұра бейбіт халық арасында қақтығыстар туындап тұрады. Сонымен қатар, онда халықаралық экстремистік топтардың өкілдері де шоғырланған. Есірткі проблемасы да ушығып тұр. Қарапайым халық баспана жағынан да таршылық көруде. Олардың көпшілігі ашық аспан астында тұрады.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасы өкілі Дюбон Сезар маусымның 20-күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында, алдағы уақытта Қазақстанды паналап келген тәжік азаматтарына берілген босқын мәртебесінің мерзімі тоқтатылатыны жөнінде мәлімдеді.

- Тәжікстандағы жағдайдың оңалуы себебінен, Қазақстанда босқын статусын иеленіп келген тәжік азаматтары жылдың соңына дейін бұл мәртебесін жоғалтып, елдеріне қайтуға мүмкіндік алады. Ал қайтқысы келмегендер одан ары қарай Қазақстанда тұруына болады, алайда, олар басқа заңдық тұрғыда тіркелуі қажет.

Ал Қазақстандағы ауған азаматтарының бір бөлігі алдағы уақытта босқындарды үшінші елдерге аудару жөніндегі бағдарламаға сәйкес, Канадаға көшірілуі жоспарланып отыр. Биылғы жаздың соңына таман алғашқы 45 ауған отбасы Алматыдан Канадаға қоныс аудармақшы. Ауған диаспорасын қолдау қорының басшысы Ахмадулла Вастоктың айтуынша, Канададан келген арнайы комиссия бүгінде сол елге көшуге тілек білдірген ауған азаматтарымен сұхбат өткізіп жатыр екен.

- Олардың босқындарға қойған талаптары – талибан үкіметі кезінде маңызды қызмет атқармаған, сондай-ақ Ауғанстанның қарулы күштер жүйесінде қызмет істемеген болуы керек, -.дейді Ахмадула Васток.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі конвенциясына Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде төртінші болып, 1999 жылы қосылған болатын.
XS
SM
MD
LG