Accessibility links

Президент Н.Назарбаев: «Асар» партиясы тапсырманы орындап, әкесіне оралды»


Шілденің 4 күні Астанада өткен «Отан» партиясының кезектен тыс съезінде,Қазақстандағы президентшіл екі үлкен саяси ұйым - «Отан» және «Асар» республикалық саяси партиялары бірігіп, президент Назарбаев төрағалық ететін «Отан» партиясының құрамы кеңейді. Оппозиция өкілдері бұны «Ақордалық» саяси технологтардың бұрыннан көздеген мақсаты деп отыр.

Бұл съезге қатысқан «Асар» партиясының төрайымы, президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева үстіне көк киім киіп, мойнына қызыл түсті орамал тағып келіпті. Көк түс «Отан» партиясының, ал, қызыл түс «Асар» партиясының түстері болып таңдалған. Мінбеге шыққан Дариға Назарбаева қазақстандық оппозицияны айғай-шуға жақын деп бағалап, билікке жақын партияларды еңбеккерлер деп атады. Ал өз әкесі - президент Назарбаевтың өткен сайлаудағы жеңісін еске алып, президентті «тарихта сирек кездесетін тұлға» деп бағалады.

Съезде хабарланғандай, енді біріккен партия мүшелерінің жалпы саны 700 мың адамнан асады. Ал, «Асар» партиясының мүлкін «Отан» партиясына көшіру үшін комиссия құрылмақ. Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстандағы билікке жақын партия мүшелерінің жалпы саны да партиялардың саны да оппозициялық партия мен мүшелерінен әлдеқайда артық. Ал, оппозиция өкілі Болат Әбілов билікке жақын партиялардың азайғандығы жақсы дейді:

- Президенттің үлкен партиясы құрылды бүгін. Менің ойымша бұл дұрыс. Әйтпесе, елде 5-6 партия бар президентті қолдайтын - ол дұрыс емес. 1 партия болсын: 1 партия - 1 бастық, сол дұрыс болады.

Билікке жақын «Азаматтық» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, партиялар дербес жүргеннен гөрі біріккенде жақсы жұмыс істемек:

- Мен мұны алдағы сайлауға байланысты деп ойламаймын. Себебі, ешқандай төтенше жағдай жоқ. Қазіргі кезде мықты партияны құру - бұл біздің саяси жүйемізге, Қазақстанның партиялық сахнасы үшін, меніңше, үлкен табыс.

«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев бұл партиялардың біріккені орынды, ал, қалғандарына қарағанда ойлану керек дейді:

- Партияларды әкімшіліктен «сендер мына топқа, сендер ана топқа қосылыңдар» деп айтуға келмейді. Ал, мына партияның екеуінің де ерекшелігі бар. Оны біз білеміз. Олардың платформасы да, саясаты да белгілі. Бір партияның лидері - әкесі, бір партияның лидері - қызы. Жаңа президенттің өзі де айтты ғой: әкесіне оралды деп, сонысы, енді, жөн шығар.

Оппозиция өкілі Болат Әбілов, бұл бірігуді «Ақордалық» саяси технологтардың жұмысының нәтижесі деп бағалайды:

- Дариғаның үлкен амбициясы басқа элитаны шақты. Сондықтан, менің ойымша, «Ақордада» ойлаған секілді - бұлай болмау керек, елде бір партия болса сол дұрыс болады деп.

Сейсенбі күнгі кезектен тыс съезде Қазақстан президенті жаңадан қатары толыққан «Отан» партиясы төрағасының орынбасарлары болып Бақытжан Жұмағұлов, Дариға Назарбаева және Александр Павлов тағайындалғанын хабарлады. Және осы партиядан әртүрлі сайлауларға үміткерлер тағайындалады, деді Назарбаев. Өз сөзінде президент Назарбаев бұл отырысқа әдейі қызыл галстук тағып келгендігін айтты. Және өз қызы Дариға Назарбаеваға алғысын білдіріп, «Асар» партиясы тапсырманы орындап, әкесіне оралды» дегенді айтты.

Өткен президент сайлауын мысалға келтірген Назарбаев, «халық президент бағытын қолдап, айғай-шуға жақындарды қолдамады» деген мәлімдеме жасады. Бұл орайда ол билікке жақын партиялардың мысалы ретінде Сингапур, Малайзия, Жапония және Швецияны келтірді. Бұл елдерде билікке жақын партиялар ұзақ уақыт бойы ауыспай, елді табысқа жеткізген, деді Назарбаев.
XS
SM
MD
LG