Accessibility links

Пхеньянның сынақ зымырандарын ұшыруы әлемдік айыптауларға негіз болды


Соңғы күндері Солтүстік Кореяның кемінде алты зымыран сынақтарын жасап, оның ішінде АҚШ-тың жетістіктеріне жете алатындай алысқа жететін қаруды сынақтан өткізуіне, әлемнің әр тарабында айыптаулар айтылды. Пхеньянның бұл әрекетіне қатысты саяси реакцияны Уашингтон бірінші болып білдіріп, ол сынақтарды арандатушылық деп атады. Сонымен қатар, айтулы мәселеге байланысты БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі төтенше отырысын жоспарлады. Бірақ, Солтүстік Корея бұл соңғы хабарларға мойын бұрмастан, таңертең тағы бір сынақ зымыранын ұшырғанын айтып отыр.

Хабарларға қарағанда, бұл зымыран сынақтары толығымен сәтті бола қоймаған сияқты. Американдық ресмилер ұзаққа баратын “Taepodong-2” зымыраны бірнеше секундтай ғана уақыт ұшырылғанын айтып отыр. Дегенмен, бір апта бұрын халықаралық ескертулер айтылған ол ұшырылулар бір мезетте әлем тарапынан үлкен айыптауларға тап болды.

Оңтүстік Корея бұл қадамдар өзінің көршісі Солтүстік Кореяны халықаралық оқшауда қалдыратынын айтады. Жапония болса өз аймағындағы порттардан Солтүстік Кореялық паромдардың жүзуіне 6 айға тыйым салып, экономикалық санкциялар енгізу мүмкіндігін мәлімдеді. Ал, Ресей болса, ол сынақтар Корея түбегіндегі ядролық мәселені реттеу жайындағы халықаралық күш-жігерге құм құйды дейді.

Бүгін Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында, Еуропалық Комиссияның өкілі Эмма Удмин, Солтүстік Кореяның сынақтарын сынға алды.

“Біз бұл орын алған сынақ зымырандарының ұшырылуын қатты айыптаймыз. Ол жерде осындай әрекеттердің аймақтық тұрақтылыққа қосымша кернеулік салдары болатынын жоққа шығаруға болмайды. Олар, әлбетте, ядролық қару таратпау келісіміне көмектесу үшін ештеңе де жасамай жатыр”, - деді Еуропалық кеңестің өкілі.

Және бұл тұрғыда Жапониядағы АҚШ елшісі Томас Шиффер мынадай пікір білдірді:

“Біздің мәлімдемеміз - бұл өте арандатушылық әрекет болды, біз олар мұндай қоқан-лоқы істерін тежейді немесе тоқтатады деп үміттенген едік, бұл олардың сыртқы саясаттағы мақсаттарына жету жолдары емес. Бұл бүгін таңертең олар жасаған аса қауіпті нәрсе және сондықтан біз өзіміздің дүниежүзіндегі одақтас әрі достарымызбен осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырып, біз оны БҰҰ-ында қараймыз”, – деді АҚШ елшісі.

Бұл тұйықталған коммунистік елдің осындай сынақтарды жасау арқылы нені көздегенін анық білу мүмкін емес.

Бірақ, олардың ол қадамдары Уашингтонның назарын аударуға тырысқан әрекеті сияқты айтылуда. Өйткені, бұл сынақтар 4-ші шілдеде Америка тәуелсіздік күні мерекесін тойлап, АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігінің Дисковери шаттлы Флоридадан ұшырылған кезде іске асырылды. Ол әрекеттер қандай сарында болса дей келе, Австралияның премьер министрі Джон Ховард соңғы сынақтар осыдан жеті жыл бұрын қабылданған Солтүстік Кореяның өзінің ерікті мораториін бұзды деп атап айтты.

“Қандай оймен жасалса да, ол өзгермейді, бұл - зиянкестік, бұл - Солтүстік Кореяның берген сөзді бұзуы. Солтүстік Кореяны қазіргідей бәрі де айыптауы керек”, - деді Джон Ховард.

Десе де Солтүстік Корея міз бақпай отыр. Бұл елдің сыртқы істер министрі зымыран сынақтарын жасауға ап-айқын құқымыз бар деп ақпарат өкілдеріне айтқанымен де, ол зымыран сынақтары туралы журналистер ләм мим демеген. Енді бүгін таңертең Пхеньянның сынақ үшін жетінші зымыранды ұшырғаны туралы ақпарат тарап отыр. Осы жағдайларға алаңдаушылық күшейген соң, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі де бүгін кешке кезектен тыс отырысын өткізбекші.
XS
SM
MD
LG