- Ержан Өтембаевтың әйелінің сұрақтарға жауап беруі барысында Өтембаевтың күнәсының жоқтығын тағы бір қырынан дәлелдеді. Оның менің бауырым Алтынбек Сәрсенбайұлының газеттегі аты-жөнін атамай айтқан сын пікірін, оған соншалықты бір ашу-ызасын туғызбағандығын, кектенетіндей жағдайының болмағандығын тағы бір дәлелдеп берді. Соттың барлық айыптауы, табан тіреген нүктесі сол газеттегі мақала болатын, мақаладағы Ержан Өтембаевтың аты\жөні аталмаған пікірге сайып келген. Ол жоқ енді, айыптаудың табан тіреген нәрсесі... демек бұл айыптаудың бастапқы кезінде және осы сотқа жеткізген қалпында негізсіздігін көрсетеді. Демек тұтастай алғанда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктеріне жасалған қастандық бұл жеке бас араздығынан туған қастандық емес екендігін көрсетеді".
Соттың бұдан бұрынғы отырыстарында Алтынбектің жақтаушылары Ержан Өтембаевтың президентке жазған хатын сот іс қағаздарына қосу керектігі туралы өтініш жасаған болатын. Ол хат қазір де сотта жоқ. Бұл мәселені бүгін тағы көтерген жақтаушыларға прокурорлар "заңға сәйкес айып қағаздарын жинау тек прокурордың ісі емес, бәріміздің ортақ ісіміз. Сондықтан сіздер де өз аттарыңыздан сұрастырыңыздар" деп жауап берген еді, сот төрағасы прокурорды тағы міндеттеді.
- Президенттің атына жазылған хатта оның өз айыптарын мойындайтындығы туралы айтылады. Ал сот қылмысты іздестіру органы емес болғандықтан прокурорға тапсырма берейік, олар сотқа жеткізсін, - деді сот төрағасы Лұқпан Мерекенов.
Бұл хат сот үшін өте маңызды дейді Алтынбектің ағаларының бірі Рысбек Сәрсенбайұлы.
- Ержан Өтембаев президентке айыбын мойындап хат жазған. Бұл енді президент Назарбаевтың сөзі. Ол кісінің сөзіне сенсек, Өтембаев кінәсын мойындаған. Президент бұл туралы сенаттың мәжілісінде айтты. Ол халыққа тарады, баспасөзде жарияланды деген сияқты... Енді сол хатты алдыртуға соттың да қауқары жоқ, мемлекеттік айыптаушылардың да қауқары жоқ. Мұны маған сырғытып тастады: "сіз өзіңіз жәбір көруші ретінде ұсыныс жасап, ол хатты сотқа әкелдіруіңізге болады" деп. Мен Талдықорғаннан және Алматы қаласынан екі жерден жедел хат жібердім. Сол хатты сұрап, президенттен өтініп мына соттағы шындықты, ақиқатты анықтау үшін сол хат керек болып тұр. Өйткені, Өтембаев өзінің айтқандарынан, бастапқы сөзінен танып отыр. Мүмкін бізге жазған хатын оқығаннан кейін ол сөзінен танбас! "Мен мемлекеттің басшысына солай деп айтқаным өтірік емес. Ол шын, кешіріңіздер, мен кінәмды қайтадан мойындаймын" дейтін шығар. Не болмаса, ол басқа себебін айту керек. Сол үшін ол хат керек, талқыға түсуі керек. Ол хатты Өтембаевтың өзі жазды ма, өзі жазбады ма, қандай жағдайда жазды - соның бәрі ашылуы керек. Сонда ол біраз шындықтың соңына дейін жетуге болмаса да біраз пердесін ашуы керек. Егер түсінетін болса, Ержан Өтембаевтың тағдыры сол хатта тұр! - дейді Рысбек мырза.
Сәрсенбі күні сот кезекті куәларды сұрастыруды жоспарлап отыр.