Accessibility links

Желтоқсандықтар теңгенің жаңа үлгісіне нарызылық танытып, Алматының орталық алаңына шықты


Сейсенбі күні Алматыдағы Республика алаңында «Желтоқсан» қоғамдық бірлестік өкілдері Қазақстанда теңгенің жаңа үлгілерінің айналымға шығатынына қарсылық ретінде наразылық акциясын өткізді. Желтоқсандықтардың айтуынша, «Ұлттық ақшаға 15 жыл тәуелсіздіктен соң орыс тілін қоса жазу және қате жазулары бар теңгенің айналымға шығуы қазақтың ұлттық намысына түсетін дақ». Желтоқсандықтар осы наразылық акциясының жалғасы ретінде тамырларына зақым келтірмек ниеттері де бар екенін, алайда ол ислам діні уағыздайтын имандылыққа қарсы келетіндіктен, әзірге ол шарадан бас тартатынын мәлімдеді. Олардың өз сөзімен айтсақ, «масқара теңгенің» айналымға түсуіне әртүрлі наразылық акциясы алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Сәрсенбі күні Қазақстанда теңгенің жаңа нұсқасы үлкен даудан соң айналымға шықпақ. Ал оған қарсы «желтоқсандықтар» сейсенбі күні кешкісін Алматыдағы Республика алаңына наразылық акциясын өткізуге шықты. Сол күні бұл шараның өтетінінен құлағдар болған тілші қауымымен бірге оншақты тәртіп сақшылары және Ұлттық қауіпсіздік комитет өкілдері наразы топтан бұрын алаң маңына жиналды. «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестік төрағасы Бақытбек Иманқожа бұл шараның мән-жайы жөнінде «Азаттық» радиосына былай деді:

- Мына жерді қарасаңыздар - анда прокуратурадан, мұнда Ұлттық қауіпсіздік комитетінен адамдар тұр. «Биліктегілер өздері қорқақ болса, ел намысына шорқақ болса - елдің соры» деген сөз бар. Ал енді сол «елдің соры - адамның қоры болған» адамдардың бұйрығын орындауға келіп тұрған жігіттерді қараңыз. Мына жерде бойында «қазақ» деген намысы болса, мынадай ақшаны көрген кезде жердің астына түсіп кетуі керек еді. Ал енді мына жерге біздің «желтоқсандық» жігіттер келіп тұр. «Біз бұған наразылық ретінде өз қолымызды, тамырымызды кесіп наразылығымызды білдіреміз» деп жиналып тұр. Бірақ мен, өзіміз мұсылман болған соң, жанымызды құрбан етсек, бірінші – дін үшін болуы керек, содан кейін – ел үшін, отбасы- ошақ қасы үшін болуы керек» деп тоқтатып тұрмын. Ақша деген «бүгін бар – ертең жоқ». Сонда да бұл ұлттық намысқа деген үлкен соққы! Мен әзірге мына топты тоқтатып тұрмын, бірақ басқа топты тоқтата аламын ба? Сондықтан билік басындағылар осыны ойлансын!

«Желтоқсандықтардың» өз тамырларына зақым келтіру оқиғасы 1993 жылы болған еді. Ол кезде олар 1986 жылы алаңда қаза болған желтоқсандықтарды еске алу шарасына билік рұхсат етпей қойған кезде Алматыдағы «Демократия үйінде» осындай шараға барған болатын.

Алаңға келіп тұрған желтоқсандықтардың тағы бірі Құманғазы Айтуқан өздерін бұл жерге шығуға итермелеген «ұлтқа деген патироттық сезім» деп түсіндірді.

- Теңге - мемлекеттің символикасының бірі, яғни ол біздің гербпен, әнұранымызбен қатар тұратын дүние, сондықтан ондай символикада кеткен қате – теңгеде екі тілде жазылуы – бұл мемлекетке түскен дақ! Осында тұрып жатқан халыққа түскен дақ деп мен санаймын. Мен мұны тек сіздерге ғана айтып тұрған жоқпын, бұны жалпы халыққа, Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық халықтарға айтып тұрмын. Осы мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін, осы мемлекеттің кез келген ұлты патриот болуы тиіс! Сондықтан біздің алаңға жиналып тұрғанымызға себепкер – біздің ұлтқа деген, мемлекетке деген патриоттық сезіміміз!.

«Желтоқсан каһармандары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбахрам Жүніс «желтоқсандықтардың» наразылығы бүгінгі шарамен шектелмейді деп отыр.

- Біз тәуелсіздік алдық дегенмен, тәуелсіздігімізді сезініп отырған жоқпыз! Теңгедегі жазулар тек қазақ тілімен жазылмай оған орыс тілін қосуы соны көрсетеді. Тәуелсіз мемлекеттің өз мемлекеттік тілі болған соң, ондағы кез келген ұлт өкілдері сол мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бұл жерде қазақ халқының құқығы бұзылып отыр. Біз бұға-бұға болдық! Бұдан кейін біздер – «желтоқсандықтар», тілімізді жоғалтқымыз келмейді. Біз наразылық шарамызды бұнымен тоқтатпаймыз! Теңге шыққан күнде де бұл шаралар жалғаса береді. Өзімізді өзіміз силамасақ - өзге бізді силамайды! - дейді Гүлбахрам ханым.

Сонымен бұл жолы «желтоқсандықтардың» айналымға жаңа теңгенің шығуына орай өткізбек болған наразылық шарасына билік жол бермеген тәрізді.

Қарашаның 15-інен бастап Қазақсанда айналымға енгізілгелі отырған теңгенің жаңа дизайнында мемлекеттік тілде жазылған сөзде грамматикалық қатенің кетуі қоғамда қазу айтыс-тартыс туғызды. Қоғам өкілдері мен парламент депутаттары бұл теңгені айналымға жібермеуді сұрап мемлекет басшысына жүгінгенімен, президент Н.Назарбаев әзірге ол өтінішке нақты жауап берген жоқ.
XS
SM
MD
LG