Accessibility links

Жоғарғы Сотта Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өліміне қатысты сот мәжілісі басталды


Сейсенбі күні Қазақстанның Жоғарғы Сотында қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өліміне қатысы бар деп сотталғандардың апелляциялық арыз-шағымына байланысты сот отырысы басталды. Алматы облыстық соты кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп Ержан Өтембаевты 20 жылға, үш адамды өлтірген деп Рустам Ибрагимовті өлім жазасына және қылмыстық іске қатысы бар деген Виталий Мирошников, Алымжан Газиев, Еділ Абикенов, Нұркен Едигеев, Расхан Еспембетов, Ерлан Ералиев, Асылан және Ерғали Касымовтар әртүрлі жазаға тарту туралы үкім шығарған болатын. Жоғарғы Сотта өткен сот отырысының алғашқы күні жәбірленуші жақ, мемлекеттік айыптаушы және сотталушы жақтардың өтініштері қаралды.

Алдымен сот отырысының алғашқы сәтінде-ақ Мемлекеттік айыптаушы тарапынан қатысып отырған Кюкова сот отырысына кедергі болады деп залға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатыспауын және аудио, видео жазбалардың болмауын сұрады. Алайда, жәбірленуші тарап пен олардың қорғаушылары сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатыспауы - Қазақстан Конституциясына қайшы келеді деген даттарын айтты.

Прокурор Кюкованың өтінішіне сотталушы тараптар да қарсы болды. Сот отырысында қаралған екінші өтініш, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының зайыбы Салтанат Атушеваның адвокаты Әнуар Калиев Ержан Өтембаевтың президентке жазған хаты психологиялық сараптамадан өтсін деген тілегі. Өйткені, адвокат Қалиевтың айтуынша, Өтембаевтың президентке жазған хаттың мәтіні, стилі, орфографиялық қателері бұрынғы мемлекеттік шенеуніктің қолы екеніне күмән келтіреді. Хат полициялық жаргон тілімен жазылған дейді адвокат Қалиев. Адвокаттың бұл тілегін жәбірленуші жақ пен сотталушы тарап толығымен қолдады.

Ал кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп айыпталып отырған Ержан Өтембаевтың хатына байланысты Рустам Ибрагимовтің қорғаушысы Устемиров өз пікірін білдірмек болған еді, сот отырысына төрағалық етуші Әбдрашид Жүкенов оның сөздерін бөліп тастады:

- 21-ақпанда Өтембаев ұсталды. Екі күн бойында оған үш адвокат ұсынылды. Алайда, үшеуі де қарсы болды...

- Отырыңыз!

Мемлекеттік айыптаушы Кюкова бұл іс соттың бірінші сатысында қаралған деп қарсылық білдірді. Сот отырысында қаралған үшінші өтініш, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлының АҚШ-тың федералды тергеу басқармасының сотталушыларға жүргізген жалған сөйлегендерін анықтайтын аппараттың қорытындысын істе қарау жөніндегі талабы. Р.Сәрсенбайұлының бұл талабын сотталушы, өлім жазасына кесіліп отырған Рустам Ибрагимов АҚШ-тың федералды тергеу басқармасының қорытындысын сотта қарауды сұрады.

Алайда Бас прокуратураның өкілі Кюкова бұл іске қатысты тағы да өзінің қарсылығын білдірді. Соттың алғашқы отырысына қатысқан бұрынғы Бас прокурор, социал-демократиялық партия құрушы Жармахан Тұяқбай бүгінгі сот отырысы бастан аяқ парадокс болды деген баға берді:

– Прокурор жәбірленушілерді қолдаудың орнына сотталушыларды қолдап отыр. Ал қорғаушылар сотталғандардың жазасын жеңілдетудің орнына жәбірленушілерді қолдағаны көзге ұрып тұрды.

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы былай дейді:

– Мемлекеттік айыптаушының әрекеттеріне қарағанда бұл қылмыскерлердің жасаған әрекеттеріне дұрыс баға беруден мүлдем аулақ жатыр. Менің ойымша, тапсырыс берушіні жасырып қалуға жанталасып жатыр.

Сонымен бірге Рысбек Сәрсенбайұлы осы іс барысында өзінің бауыры Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс беруші кім екені айтылады деген үмітте.

Айта кету керек, соттың алғашқы отырысында сотталушы Ержан Өтембаев болған жоқ. Оның зайыбы Людмила Тен жұбайының неге жоқ екені өзіне де жұмбақ екенін айтады. Людмила Тен жұбайының қылмыстық іске бармағанын айтып, оның басындағы жағдайды жауына да тілемейтіндігін жеткізді.

Ұзақ жылдар Қазақстанның жоғары билік сатысында лауазымды мемлекеттік қызмет атқарып, өмірінің соңғы жылдарында оппозицияға кетіп, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілері үстіміздегі жылдың ақпан айында, президент сайлауынан кейін Алматы қаласында қастандықпен өлтірілген болатын.
XS
SM
MD
LG