Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.11.2007 жыл


Бейсенбілік басылымдар, Қазақстанның жаңа үкімет басшысы болып Кәрім Мәсімовтың тағайындалуына байланысты түрлі сараптамалық материалдар жариялапты. Сондай-ақ, газет беттерінде, Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың туғанына 95 жыл толуына орай мақалалар жарық көрген.

«Свобода слова» басылымына сұхбат берген «Нағыз Ақ Жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов үкімет ауысқанымен, елде еш өзгеріс болмайтынына 90 пайыз сенімдімін дейді. Өйткені, Жандосовтың айтуынша, бұл елде тек мемлекет басшысының ғана айтқаны орындалады. Сондықтан, премьердің фамилиясы өзгергенімен, ештеңе өзгермейді. Ал, саясаткер Ғалымжан Жақиянов, үкіметті емес, саяси жүйені өзгерту қажет деп есептейді. Ал, үкімет басшысы Қазақстанның саяси жүйесінде жанама тұлға, - дейді Жақиянов «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында.

Елдегі дамудың жаңа кезеңі үшін Кәрім Мәсімовтің кандидатурасы ең лайық болса керек дейді «Айқын» газетінде Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов. Ал, Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдірахманов жаңа Үкіметтің ғұмыры ұзақ бола қоймас деп болжайды. Депутат жаңа министрлер кабинеті тезірек коррупциямен нағыз күресті бастаса екен деп тілейді. Шенеуніктерді пара алу ауруынан қандай тәсілмен болса да құлан-таза айықтыруға ден қою керек. Әйтпесе кім коррупционер, ал кімнің онымен күресуші екендігін ажыратудан қалып барамыз, - дейді Серік Әбдрахманов «Айқын» басылымында

«Егемен Қазақстан» газетінде Мәжіліс депутаты Төлебек Қосмамбетов жаңа премьер Кәрім Мәсімов мемлекеттік тілді үйреніп алады ғой деп сенетінін айтыпты. Өйткені, ағылшын, қытай, араб тілдерін білгенде өзінің ана тілін үйрену қиын болып па дейді Қосмамбетов. Ал Мәжіліс депутаты Сауырбай Есжанов, халықаралық дәрежедегі экономикалық білімі бар азамат болған соң, Мәсімов бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін өте үлкен көлемдегі қаражаттың өзінің орнына қолданылуын қадағалай алатын шығар деп есептейді. «Мен Президент таңдауына сенемін, сондықтан да дауыс бердім» дейді Парламенттегі «Нұр-Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сауырбай Есжанов «Егемен Қазақстан» газетінде.

«Жас Алаш» басылымы, Мәсімовтың менеджерлігін, экономистігін сарапшылардың барлығы дерлік мойындайды деп жазады. Енді біреулер бүкіл саналы ғұмыры Қытаймен байланысты болған Мәсімов аспанасты еліне көбірек бет бұрып кетеді деп болжайды дейді газет. Ал, жаңа премьердің үлкен кемшілігі – ол халықтан алшақ. Оның сөйлеу мәнері, өмірбаяны, қазақ тілін білмеуі - айналып келгенде халықтың жалпы үкіметке үрке қарауына алып келеді. Сондай-ақ, Мәсімов президенттің ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың адамы саналады дей келе, «Жас Алаш» бұл тағайындау тақ мұрагерін таңдаудың басы болуы да мүмкін деген сәуегейлік жасайды.

Ал, «Түркістан» апталығы Мәсімовтың мемлекеттік тілді білмеуінен өзге тағы бір кемшілігі - онда харизма жетіспейді деп жазады. Алайда, газет бетінде аты аталмаған депутаттың пікірінше «Харизманың керегі жоқ. Ол президенттің бойынан табылса, жетер. Премьерге харизманың не керегі бар?». Сондай-ақ, экс-премьер Даниал Ахметовтың қорғаныс министрі болып тағайындалуына байланысты: «Оның бұл арада не тындыра алатынын тіпті көз алдымызға елестете алмай отырмыз. Бәлкім, құрылысшы мамандығын пайдаланар. Бәлкім, экономикадан алған ғылыми дәрежесін пайдаға асырар» деп жазады «Түркістан»

«Жас Алаш» газетінде академик Камал Ормантаев ширек ғасыр ел басқарған Дінмұхамет Қонаевқа қарыздармыз деп жазады. Қонаев, өндірісті дамытуға, ғылым мен білімді дамытуға, шаруашылықты игеруге көп еңбек сіңірді. Комсомол мен партиядан өскен адамдардың барлығы дерлік Қонаевтың шәкірттері. Біраз шәкірті депутат болып отыр. Қонаев ескерусіз қалды деуге де болмас. Дегенмен, Дінмұхамет Ахметұлына бір облыстың атын беру керек. Сондай-ақ, Қонаевтың ғибратты ғұмыры Қазақстан тарихының бір тармағы ретінде мектепте оқытылуы тиіс дейді Камал Ормантаев «Жас Алаш» басылымында.

Ал, «Свобода слова» басылымы Дінмұхамет Қонаевтың ел үшін сіңірген еңбегін қазіргі билік ескерусіз қалдырып отыр деп жазады. Ең алдымен Қазақстанды Қонаевтың басқарған кезеңіне шынайы баға берілген жоқ. Сол кездерде қол жеткізілген экономикалық, мәдени, рухани жетістіктер әдейі ұмыт қалып отыр. Қонаев басшылық еткен 24 жыл ішінде Қазақстан индустриалды дамыған және өркениетті аймаққа айналды. Оның кезінде 30 ға тарта қала мен жарты мыңдай ауыл бой көтерді. Ал, саяси еркіндігі жоқ Қонаевпен салыстырғанда, тәуелсіз Президент Назарбаев Қазақстан үшін не істеді. Бұл сұрақтың жауабын тарих береді деп жазады «Свобода Слова».
XS
SM
MD
LG