Accessibility links

Президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағымы бойынша «Нұрбанктің» бұрынғы басқарушысының әйеліне қарсы сот ісі басталды


Сейсенбі күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотында «Нұрбанктің » бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғылымовтың әйелі Нәзира Базарбаеваның үстінен сот ісі басталды. Бұл күні Базарбаеваның жақтаушылары сотқа екі өтініш білдірді. Бірі - сот барысын судья тарапынан аудиотаспаға жазуды сұраса, екіншісі - осы сот ісі мен Армангүл Қапашеваның сот ісін біріктіру. Алайда судья бірінші өтінішті қанағаттандырып, екінші өтінішті ашық қалдырды. Сонымен қатар жауап беруші жақтың «сот ісіндегі бізге тағылып отырған айып бойынша бейнетаспамен танысу қажет» деген өтінішіне орай сот ісінің келесі отырысы наурыз айының 16-сына қалдырылды.

«Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғылымовтың әйелі Нәзира Базарбаеваның үстінен басталған сот ісі сейсенбі күні бірінші отырысын өткізді. Бұған дейін тараптар бір рет жалпы іспен танысу отырысын өткізген болатын. Нәзира сотқа үш жақтаушысымен келіпті. Судья Сүлейманов Нәзираны оған тағылып отырған айыппен таныстырды. Онда дәлел ретінде негізінен, баспасөз мәслихаты кезінде Нәзираның аузынан шыққан «Рахат Әлиев күштеп... жалпы ол бизнесті тартып алғысы келді... заңсыз тартып алғысы келді... Рахат Әлиев бір нәрсені заңсыз өзіне жазыдырып алмақшы» дегендей теңеулер келтірілген.

Өзінің ар-ұжданын қорғап сотқа шағымданушы Рахат Әлиев айғақ ретінде сотқа 5 ақпанда Назира Базарбаева өткізген баспасөз мәслихаты туралы бейнетаспаны табыстапты. Енді осы бейнетаспамен жауап беруші Нәзира Базарбаеваның жақтаушылары танысуды жөн деп отыр. Сондықтан соттың келесі отырысы наурыздың 16-сына қалдырылды. Бірақ, мамандар бұл жерде құқықтық тұрғыдан бір құйтырқылық бар дейді.

«Біріншіден, ол баспасөз мәслихаты туралы ешқандай телеарна хабар берген жоқ. Демек, осы бейнетаспадағы жазылғандар жалған ақпаратты тарату құралы ретінде құқықтық күші жоқ» деген ой айтады. Сондықтан оны Назираның жақтаушылары соттың келесі отырысында айғақ тізімінен алдырып тастауға әрекеттенбек. Демек, арыз шағымда Назираға тағылып отырған айып айғақсыз болып шығады дейді мамандар. Алайда, ол баспасөз мәслихаты туралы бірқатар тәуелсіз басылымдар жазды. Ал Әлиев мырза газеттермен соттасуды әзірге жөн деп таппаса керек, тек ескерту айтып, бір айдың ішінде жоққа шығару материалын басуды талап етіп отыр.

Биылғы жылғы ақпан айының басында «Нұрбанктің» бұрынғы басшылары Әбілмәжін Ғылымов пен оның орынбасары Жолдас Темірәлиевтың әйелдері Алматыда өз үйлерінде баспасөз мәслихатын өткізіп, «біздің күйеулерімізді 18 қаңтар күні Рахат Әлиев қала маңындағы жеке моншалардың біріне күштеп апарып, ұрып-соғып, қинап банк орналасқан «Кең дала» ғимаратын өз адамдарына сатуға мәжбүрлеген» деп мәлімдеген болатын. Сондықтан, Нәзира Базарбаева мен Армангүл Қапашеваны «ар-ұжданыма нұқсан келтірді» деп, осы банк акционерлерінің бірі, президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, қазірде Қазақстанның Венадағы елшісі қызметінде жүрген Рахат Әлиев әлгі екі әйелді сотқа тартып, моральдық шығын ретінде олардың әрқайсысынан бір миллион теңге айыппұл өндіріп алуды талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG