Accessibility links

Орталық Азиядағы еңбек көші-қонын реттеуге арналған халықаралық жоба жұмысын бастады


Еуропа Одағының қаржылық демеуімен Халықаралық көші-қон ұйымы Орталық Азия аймағындағы еңбек көші-қоны процессін реттеуге қолдау көрсету мақсатында аймақтық жобасын бастағалы отыр. Бұл жобаның мерзімі 24 ай, яғни екі жыл. Жобаға арнап Еуропа Одағынан 1,9 миллион еуроның қаржысы бөлінбекші.

Еңбек көші-қонына арналған бұл жаңа жоба туралы бейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Еуропа Комиссиясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Адриаан ван дер Меер, Орталық Азия аймағындағы көші-қон ісі күрделі проблемалардың бірі екендігіне қарамастан, осы аймақ елдерінің үкіметтері көші-қон жайында сөйлескенде адам құқығы мәселесі мен халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттігін естерінен шығармауы тиіс екендігін айтты.

- Көші-қон мәселесінде еңбек көші-қоны, заңды және заңсыз көші-қон секілді, оның түріне қарап, оған қатысты мәселерді заң тұрғысында шешу қажеттігі туындайды. Соған байланысты Еуропа Одағы бұл мәселені үнемі назарында ұстап келеді, - деді Еуропа Комиссиясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы.

Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Екатерина Бадикованың айтуынша, жобаның басты мақсаттарының бірі - еңбек мигранттарын қабылдаушы елдер саналатын аймақтағы елдер - Қазақстан мен Ресейдің еңбек көші-қонын басқару жүйесін жақсарту болып табылады. Сондай-ақ, еңбек көші-қонымен келушілердің заңды түрде жұмысқа орналасуына қолдау көрсету – осы жобаның тағы бір мақсаты дейді Е.Бадикова.

БҰҰ-ның сарапшылары Қазақстан көші-қон процестері бойынша әлемде 15-ші орынға ие десе, өткен 2006-шы жылы Дүниежүзілік банк көші-қон жағынан Алайда, бүгінгі күні Қазақстанда қанша жүз мың заңсыз мигрант, қанша еңбек мигранттары бар деген сауалға ешкім жауап бере алмайды. Өткен жылы Қазақстанның статистикалық агентігі Қазақстанда жүрген мигранттар саны 350 мыңдай адам деген дерек айтқан болатын. Ал Қазақстанда арнайы заң бойынша оларды заңдастыру науқаны жарияланып, жүргізілді. Бүгінде еңбек мигранты ретінде заңдастырудан өткен адам саны - 200 мыңдай.

Орталық Азиядағы еңбек миграциясы мәселесін зерттеуші маман Елена Садовская Қазақстанға көбінесе көрші елдерден - Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан заңсыз еңбек мигранттарының көптеп келетіндігін айтады. Бұған бұрынғы кеңестік психология мен менталитеттің бір болуы, шекараның ашық болуы, сондай-ақ өзара тамыр-таныстықтың болуы мен тілдік проблеманың болмауы әсер етіп отыр. Сондықтан олардың Қазақстанға қарай ағылуына ешқандай бөгет жоқ дейді ол.

Еуропа Одағы мен Халықаралық көші-қон ұйымының бірлескен жобасына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері қосылып отыр.
XS
SM
MD
LG