Accessibility links

Оппозиция өкілі электронды дауыс беру жүйесін сынға алды


Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері Қазақстанда парламент мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында қолданылғалы отырған «Электронды сайлау жүйесі» мемлекеттік сараптамадан және қабылдаудан өтпегенін айтады. Оның сыртында, бірде бір құжатта электронды жүйенің сыртында қағаз бюллетенмен дауыс беруге болады деп жазылмаған. Бұл туралы Астанада тамыздың 13 күні Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында оппозиция өкілі мәселе көтерді. Ал комиссия өкілдері партияға өз себептерін айтуға тырысты.

Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік техникалық орталығының директор міндетін атқарушы Самат Уәлиевтің айтуынша, қазір телекоммуникация жүйелері дайын. Оның сыртында электронды жүйеге қызмет көрсететін және сайлаушыларға кеңес беретін мамандар дайын деп хабарланды. Бірақ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Темірәли Тәшімбетов, 2005 жылы президент сайлауы кезінде Жоғарғы сотта электронды жүйенің дауыстарды есептейтін жабдығы мемлекеттік сараптамадан және қабылдаудан өтпегенін алға тартты.

«Осы жағдайда сіз жүйені қалай дайын деп айтып отырсыз?» - деген сауал қойды Тәшімбетов.

Инженерлік техникалық орталық басшысы Самат Уәлиевтің айтуынша, ол кезде сот шешімімен мемлекеттік сараптаманың қажеттігі жоқ деп табылған.

Ал оппозициялық партия өкілі Тәшімбетов болса соттың бұған қатысы жоқ деп отыр.

«Егерде ол мемлекеттік қабылдаудан өту керек болса, онда ол жүйе сараптамадан өту керек», - дейді Тәшімбетов.

Инженерлік техникалық орталық басшысы болса, заңда айтылғандай, бағдарлама өзгерістерге ұшыраса ғана мемлекеттік сараптама өткізу керек деп түсіндірді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Темірәли Тәшімбетовтың айтуынша, комиссия 2005 жылы бір жабдықты басқасына ауыстырған.

«Сондықтан осы сұрақ туып отыр», - дейді ол.

Алайда, Самат Уәлиев бағдарламалық аппарат кешенінде ешқандай өзгеріс болмағанын айтады.

«Ауыстырғанымыз - дауыс беретін терминал, ол тек қана сайлаушының электронды дауыс беру карточкасындағы ақпаратты көрсетеді, сондықтан сараптаманың қажеттігі жоқ», - деді ол.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов болса, Инженерлік техникалық орталық жұмысын тек жүйенің сенімдігіне ғана қарап қоймай, электронды сайлауға қатысатын адамдар санын ұлғайту шараларын бағалаймыз деді. Инженерлік техникалық орталық басшысы Самат Уәлиев қазіргі таңда электронды сайлау жүйесі 1500-ден астам учаскелерде орнатылғанын айтты.

«Ол 2 миллионнан астам адамға дауыс беруге мүмкіншілік береді. Бұл - дауыс беруге құқы бар адамдардың 33 пайызы. Бізде демократиялық ел, ешкімді қандай да бір жүйемен ғана дауыс беріңіз деп міндеттемейміз, бірақ, жүйені жасаған адамдардың бірі ретінде электронды жүйемен дауыс беруге шақырамын», - деді Уәлиев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Темірәли Тәшімбетов бірде бір құжатта электронды жүйенің сыртында қағаз бюллетеньмен дауыс беруге болады деп жазылмағанын атап өтті.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, комиссияның бұл жөніндегі арнайы бейнероликтері бар.

«2004-2005 жылы дауыс беру құқы болған, ол өзгерген жоқ», - деді Сүлеймен.

Ал оппозициялық партия өкілі Темірәли Тәшімбетов комиссияның бұл жөніндегі тиісті қаулысы жоқ деп отыр.
XS
SM
MD
LG