Accessibility links

Өзбекстанда президент сайлауларына әзірлік жүріп жатыр


Алайда, өзбек сайлаушыларының пікірінше, бұл науқан- жай ғана көз бояушылық, саяси ойын және қаржыны қажетсіз іске босқа шашу болмақ.

Өткен аптада Сырдария облысы сайлаушыларымен кездесуі кезінде Халық демократиялық партиясы тарапынан президенттікке үміткер болып отырған Аслиддин Рустамов өзі президент бола қалған жағдайда не істейтіні, яғни жоспары жөнінде, шынына келгенде, ешнәрсе айта қоймады. Қайта сол кездесуі кезінде Рустамов мырза Ислам Каримовтың 16 жылдық президенттік қызметі кезінде қол жеткізілген табыстарды мадақтаумен болды. Каримов билігі тұсында ел экономикасы қарқынды дамып, халықтың тұрмысы жақсарды, деді ол.

Әділет социал-демократиялық партиясы атынан президенттік сайлауға үміткер боп отырған Дилором Тошмухамедова болса, ұлттық теледидардан өзіне үміткерлік насихат үшін бөлінген уақытты Каримов басшылығы кезінде Өзбекстанда орын алған “демократиялық үдерістер” жөнінде айтуға пайдаланды.

Ал, тарихқа көз жіберер болсақ, 2000-шы жылы президенттікке екінші үміткер болған Абдулхофиз Жалолов өзінің Каримовке дауыс бергендігін журналистерге айтқан болатын.

Коммунистік партияның бұрынғы басшысы, 69 жасар Каримов авторитарлық билік тәсілі үшін өз елінде де, шет елде де кеңінен сынға ілініп келеді. Өзбекстанды ол 1989-шы жылдан бері билеп келеді. 1990-шы жылы ол Өзбекстанның президенті болды. Бес жылдан кейін бұл қызметін референдум арқылы 2000-шы жылға дейін ұзартып алған болатын. 2000-шы жылы болса, қолдан жасалған қарсылас үміткермен бірге тағы да сайлауға түсіп, жеңіске жетті. 2002-ші жылы әлгі бес жылдық президенттігін 7 жылға ұзартқан еді. Заң жүзінде, Каримовтың президенттік мерзімі осы жылдың қаңтар айында аяқталған болатын. Конституция бойынша, ол үшінші рет презиндеттікке үміткер ретінде түсуге хұқы жоқ. Алайда, баспасөз құралдарынан бастап, елде ешкім де оның билікте заңсыз отырғандығын, бұл жолы президенттік сайлауға түсе алмайтындығын тіпті айта да алмайды.

Каримов үкіметі ақпарат құралдарына мықты бақылау орнатқан. Үкіметтің саяси қарсыластары мен сыншылары не шетелге қуғынға айдалып, немесе түрмеге жабылады.

Қаршы облысындағы адам хұқын қорғаушы белсенді Йодгор Турлыбековтың айтуынша, қарапайым халық азық-түлікке бағаның көтерілгендігіне басы қатып, бала-шағасын асырауды ойлап жүргендіктен, олардың саясатта ісі де жоқ сияқты.

Ташкенттегі тәуелсіз сарапшы Хамидулло Норбековтың пікірінше, кандидаттар бұйрық бойынша әрекет етуде.

«Олар Каримовтың қателіктерін сынай алмайды. Сондықтан да олар «мен Каримовке сенемін, оған дауыс беріңдер» деуге мәжбүр болады», - дейді сарапшы.

Сондықтан жалған сайлауға ақшаны босқа шашқанша, ол қаржылар халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмсалса жақсы болар еді дейді Норбеков. Табиғи газ, алтын, мақтаға бай Өзбек елін кедейшілік жайлап алған.
XS
SM
MD
LG