Accessibility links

Баспасөзге шолу 06.06.2008 жыл


Жұма күнгі жарық көрген басылымдар Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай жүріп жатқандығына баса назар аударыпты. Сондай-ақ кейбір басылымдар Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты жасаған мәлімдемесін осы саланың вице-министрі Күләш Шәмшединованың жоққа шығарғандығына тоқталыпты.

«Жас қазақ» газетінде жарық көрген Ағабек Қоңыратбайұлының «Кім сауатсыз: түлектер ме, тексерушілер ме?» деп аталатын мақаласында 2008 жылы да Ұлттық бірыңғай тестілеудің жауабын сатқандардың болып, олардың кейбіреуін мемлекеттік құпияны жариялады деген айыппен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құрықтағандығы айтылыпты.

Мақала авторының айтуынша, Қазақ Ұлттық техникалық университетіндегі тексерушілер тесттің екі нұсқасын шатастырып алып, соның кесірінен түлектердің 70 пайызы ең төменгі балды да жинай алмапты. Осы жағдайға орай, Білім министрі Жансейіт Түймебаев «Оған байланысты шу көтерудің қажеті жоқ. Бұл қолдан жасалған қателік болған соң, оның салдарлары бірден жойылды. Барлық қажетті шаралар қолға алынып, жағдай қалыпқа келтірілді» деп, БАҚ өкілдеріне түсініктеме беріпті.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі Сұңғат Әліпбайдың мақаласында да осы мәселе тілге тиек етіліп, 2008 жылғы тестілеу барысында жоғары бал жинаған түлектердің саны бар-жоғы 5,7 пайызды құрағандығы, ал 2007 жылы бұл көрсеткіштің 10,58 пайыз болғандығы баяндалыпты.

Мақалада, алғашқы екі күнде апелляцияға арыз берушілердің саны 2724-ге жетіп, бұл шағым-арыздардың 232-і ғана қанағаттандырылғаны айтылыпты. Бұл жағдай 6617 және 6619 нұсқаларындағы жауаптардың ауысып кеткендігі себепті болған көрінеді.

Сондай-ақ мақалада «Алтын белгіден» үміткер 60 оқушының тек төртеуінің ғана көздеген мақсатына қол жеткізіп, осы жағдайға байланысты ата-аналардың наразылық танытып жатқандығы да сөз болыпты. Сондықтан биылғы тестілеу қорытындыларына қатысты мәселелерге орай, Кәрім Мәсімов шұғыл түрде Үкімет отырысын өткізіп, Білім министрі Жансейіт Түймебаевқа комиссия құрып, ондағы кемшіліктердің себеп-салдарын тексеруді бұйырған екен.

«Республика» апталығы Білім министрі Жақсылық Түймебаевтың Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында Алматы қаласындағы көптеген жастардың сынақ нәтижелерінің дұрыс болмағандығын мәлімдегендігін хабарлапты.

«Апта жанжалы» деген айдармен берілген Жанна Байтелова мен Ирина Сергееваның мақаласында тест тапсырған жастарды сорақы тексеруден өткізгендігі айтылыпты. Қатты наразы болған кейбір ата-аналар аппеляцияға беруді талап еткенде полиция шақырылған.

Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтіп жатқандығын білгісі келген журналистерді көптеген жоғарғы оқу орындары кіргізбей қойған. Тіпті бір ата-ананың екі жыл бойы Англияда тұрған баласы ағылшын тілінен нөл бал алыпты.

Тесттің қорытындысымен келіспейтін ата-аналар, білім департаменті арқылы осы саланың министрлігіне «аппеляцияға неге рұқсат бермейтіндігін» сұрап хат жазыпты. Әлі күнге шейін жауап ала алмаған олар енді прокуратураға арызданбақшы.

Осындай жағдайға байланысты «Республика» газетіне көзқарасын білдірген, ұстаздардың құқысы мен мүддесін қорғайтын «Ар-Намыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Әміртаеваның айтуынша, мұндай сорақылықты күтпеген көптеген балалар қатты күйзеліске ұшырапты. Тіпті Ғалияның өзінің де беске оқыған, бірнеше олимпиаданың жүлдегері болған баласы бар-жоғы 27-ақ балл алыпты. Алайда келесі күні оған 107 балл қосып беріпті.

- Осы кезге шейінгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің ешқайсысы да дау-жанжалсыз өткен жоқ, - деп жазыпты, бұл тақырыпқа ерекше назар аударған «Central Asia Monitor» басылымы. Редакциялық бас мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, тест тапсырған әр екінші студент оның қорытындысымен келіспей, аппеляцияға беріпті.

Газетке түсініктеме берген Қазақстан Республикасы Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов Ұлттық бірыңғай тестілеу барысындағы сыбайласқан жемқорлықтың әлі күнге шейін жойылмағандығын мойындапты.

«Караван» апталығында жарық көрген Жанар Қанафинаның мақаласында Ұлттық бірыңғай тестілеуге наразы болған ата-аналардың әділеттілік іздеп БАҚ өкілдерінен көмек сұрағандығы сөз болыпты. Тест тапсырған балалардың 70 пайызы 50 балл да жинай алмаған.

Сондай-ақ мақалада Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты жасаған мәлімдемесін, оның орынбасары Күләш Шәмшединованың жоққа шығарғандығы айтылыпты.
XS
SM
MD
LG