Accessibility links

Таһиржан Ахметов ЕҚЫҰ-на шағымданбақшы


Кәсіпкер Таһиржан Ахметов Жоғарғы соттың берген жауабына наразы. Ол бұған дейін Жоғарғы сотқа шағымданған еді.

Таһиржан Ахметовтың айтуына қарағанда, 2003 жылы ол Нұрғайша Қарабасовамен бірігіп, әріптесінің жеріне кафе салған. Кафенің құрылысы үшін екі пәтерін сатып, 3 млн 600 теңге қаржы құйған. Алайда бір жыл өткен соң әріптесі келісім шартты бұзыпты. Келісімге сәйкес, мұндай жағдайда әріптесі оған 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс көрінеді. Бірақ әріптесі оны төлеуден бас тартады. Сөйтіп, Таһиржан қалалық сотқа шағымданған. Оның шағым қанағаттандырылғанымен сот шешімі 2 жыл бойы орындалмай келеді екен.
-Сот шешімінің орындалмауының бірден бір себебі жемқорлық. Менің ісімді қалалық сот 10 мәрте қарады. Ешқандай нәтиже жоқ. Қалалық сотқа барып жүрген уақыт аралығында мен секілді 30 мыңнан астам адам бар екенін білдім. Олардың арасында тіпті 5 жыл, 9 жыл жүргендері бар. Ал сондағы шеше алмай жүрген мәселелері өте қарапайым. Сөйтіп, шенеуніктердің шексіз бассыздығына күресу қажеттігін түсіндік, - дейді Таһиржан.
Биылғы шілде айының 16-сі күні сот орындаушыларының бейәрекеттігіне наразылық ретінде ол өзінің шынашағын кесіп тастады. Ал бұған қатысты Алматы қалалық сот әкімшілігінің орынбасары Саламқазы Тастандиев сол кезде Азаттық радиосына былайша түсініктеме берген болатын:
- Бізде 30 мың іс бар, 100 сот орындаушысы бар. Күнделікті жұмыс жасалады. 100 сот орындаушы 30 мың іске үлгере алмайды. Т.Ахметовтің ісі қордаланып қалған. Ол бойынша сот орындаушылары заң шеңберінде барлық шара қолданды. Бұл кісіні алдап кеткен адамның ешкімі жоқ. Өзі қашып жүр. Оған біз не шара қолданамыз? Істі қарауға, материалдарды прокуратураға жібергенбіз.
Таһиржан Ахметовтың басшылығымен осыдан екі ай бұрын құрылған «Сот әкімшілігінің әрекетсіздігінің құрбандары» атты халықтық қозғалыс Жоғарғы соттан қалалық соттың шешімдерін тексеруін сұрайды. Бұған жауап ретінде тамыздың 13-і күні Ахметовтың ісін біржақты, негізсіз деп тапқан Жоғарғы соттың жауабы жарияланды.
Жоғарғы соттың мұндай шешіміне наразы Таһиржан Ахметовтың пікірінше, сот мәселені үстірт қарап, әділетсіз бағалап отыр:
- Мәселен, олар әріптесімнің келісім-шартты бұзғаны үшін 1 жыл ішінде 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге келісім бергенін айтып, істі шешуден бас тартқаны үшін мені кінәлайды. Біріншіден, 1 жыл ішінде оның ақша төлейтініне өз басым сенбеймін. Екіншіден, жақында жаңа сот атқарушысындағы құжатта оның менің ақшама 2 пәтер сатып алғаны белгілі болды. Қысқасы, олар мәселеге тым үстірт қарап шешім шығарды.
Адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкері Андрей Гришин аталған жағдайға өз бағасын береді:
- Сот орындаушылары «біздің шешуге мүмкіндігіміз жоқ» деп ақталып отыр. Менімше, егер мемлекет адамы істі шешуде дәрменсіздік танытса, онда мұндай жүйені өзгерту қажет. Сондай ақ, бұл жерде қозғалыстың пикет өткізуі үшін рұқсат бермеген әкімшілік те кінәлі.
Жоғарғы соттың жауабына наразы «Сот әкімшілігінің әрекетсіздігінің құрбандары» қозғалыс өкілдері болса, таяу арада Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына үндеу жолдайтындарын айтып отыр.
- Біз тек халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы азаматтардың құқықтарының жаппай бұзылып жатқанына назарын аударғымыз келеді. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етейін деп отыр. Біз бұған қарсымыз, себебі, азаматтардың құқықтары жаппай бұзылып жатқан мемлекеттің аталған ұйымды басқаруы бұл халықаралық деңгейде адам құқығының бұзылуы деп білеміз. Біз қазір аталған ұйымға үндеуді даярлап жатырмыз,- дейді аталған қозғалыс төрағасы Таһиржан Ахметов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда қозғалысқа сот шешімінің әділдігіне жете алмай жүрген 40 адам мүше.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG