Accessibility links

130 жастағы Сахан Досова пәтер кезегінде 1664-орында


Қазақстанның ең қарт тұрғыны, 130 жасар Сахан Досова Қарағандыда тұрады. 12 наурыз. 2009 жыл.
Қазақстанның ең қарт тұрғыны, 130 жасар Сахан Досова Қарағандыда тұрады. 12 наурыз. 2009 жыл.

Қазақстандағы ең ұзақ ғұмыр иесі анықталды. Ол Қарағандыда тұратын Сахан Досова. 19- шы ғасырдың аяғында дүниеге келген қария үш ғасырдың куәсі. Шөпшектен кейінгі немененің өзін көріп, 27 наурызда 130 жасқа толатын Сахан әжейдің бүгінгі билікке айтар назы да аз емес.

Сахан әже 1879 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. 6 жасқа толғанда әке шешесі оба ауруынан қайтыс болып кетеді. 17 -18 жасында тұрмыс құрып, бірінші күйеуімнен 8 бала көтердім дейді ол. Алайда 1930-шы жылдары күйеуінің көзі кеткесін, ашаршылық жайлаған кезде балаларымның барлығынан айырылдым деп күрсінді қарт ана. Кейіннен ол қазақтың әмеңгерлік салты бойынша қайнысының етегінен ұстап, Қарқаралы өңіріндегі сол кездегі Қасым Аманжолов атындағы совхозға келіп тұрақтаған.
Қазақстанның ең қарт азаматы Сахан Досова әжейдің төлқұжаты. Қарағанды, 12 наурыз, 2009 жыл.

Екінші күйеуінен көрген үш баласының көздері тірі. Сол үш баладан Сахан әже 37 немере сүйіпті. Наурыз айының басында Сахан әженің Қарағанды облысындағы Покорное елдімекенінде тұратын шөпшегі ұлды болыпты.

Сахан әженің әңгімесін тұтас тыңдап отырсаңыз бір жарым ғасырға жуық созылған бүкіл тарих тізбегі көз алдыңызға келетіндей. Ленинді, одан соң Сталинді көрдім деп келе жатқанда, сөзге әжейдің немересі Нүкен араласып былай дейді:

-Ол жылдары Ленин мен Сталиннің портреттері әр бұрышта ілініп тұрды емес пе? Содан жадында сақталып қалса керек, теледидардан тарихи деректі фильмдер жүріп жатып, соларды көзі шалып қалса, орнынан қалбалақтап ұшып кете жаздайды. Ал Абай, Қажымұқанды көрдім дегендері рас болса керек, олар туралы көптеген естелік әңгімелер айтып отыратын.

Қазір Сахан әжей үш баланың бірі, ұлдан туған немере қызы Нүкен Әлкешованың қолында Қарағандының Пришахтинск аймағында тұрып жатыр. Әлкешовтар отбасы өздерінің үйленген екі ұлы, екі келіні, екі немересі және Нүкеннің 3-ші, 2-ші топтағы мүгедек екі бауыры, күйеуі мен Сахан әжені қосқанда 11 адам 3 бөлмелі аядай ғана пәтерде тұрады. Ол пәтердің өзі әлі басымызға түбегейлі аударылған жоқ дейді 130-ға толғалы отырған әженің немересі Нүкеннің өзі.

Себебі кезінде бос қалған пәтердің бірі болғандықтан, бұлар оған кіріп, өздері жөндеу жүргізіп, адам тұратындай қалыпқа келтіріп алғанда, ол үйдің бұрынғы қожайындары табылып, сот сарсаңы басталып кеткен.
130 жастағы Сахан әже немересі Нүкен Әлкешовамен бірге. Қарағанды, 12 наурыз, 2009 жыл.


-Екі бауырым мүгедек, өзім жұмыс істемеймін үйдегі екі бала келін түсіріп алды. Екі немерем бар. Үйде бұрылуға орын жоқ. Енді осы жағдайдан шығу үшін осынша жасқа келген әжемізді бөлек шығарып, қарайласайық деп, тұрғын үй коммуналдық басқармасына пәтер бөлу туралы арыз берген болатынбыз.

Былтыр тіркелген арыз бойынша 1625- ші орында тұрғанбыз. Ал биыл барып, тізімді қарасам арызды 1664-ші орынға қойыпты. Кезек алға жүрудің орнына артқа жылжығаны несі? Облыс әкіміне кезекпен кіру мүмкін емес, ашынған соң президентке де екі рет хат жаздық. Жауап жоқ,- деп қиыншылықтарды әңгімелеген Нүкен Әлкешова үш ғасырдың куәсі - Сахан әжені жергілікті билік құрғақ мақтанға айналдырды дейді:

-Республикада халық санағы жүргесін әженің осында тұрып жатқанын естіген бе, 8 Наурыз күні үйге Қарағанды қаласының әкімі Ислам Тоғайбаев келіп, бір шоқ гүл мен мақтау қағазын табыстап ол кетті. Күнде теледидар, газет беттеріне шығып жүрміз. Сондағы айтатындары міне бізде қандай жасқа келіп жатқан адам бар деген мақтаныш. Ол мақтанышы мен мақтау қағазы бізге не береді? Жағдайымызды тілшілерге де айтқанымызбен, ол туралы мақалаға жазбайды. Сонда Сахан әже бір сурет пе екен, әлде зоопарктегі жануар ма қарап, қызықтайтын. Не баспанамыз жоқ, жәрдемақыны тартып жеткізе алмай отырған біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды, осы әженің күтімі қалай боп жатқанын неге айтпайды,- дейді көзіне жас алған Сахан әженің немересі Нүкен Әлкешова, оның өзі де бірнеше немеренің әжесі.


Нүкеннің айтуынша, әженің зейнетақысы 17 мың теңге жыртыққа жамау бола алмайды. 80 жастан кейін зейнетақыға қосылуы тиіс қосымша қаражат та қолдарына тимеген.

"Аудандық әлеуметтік қорғау бөліміне жәрдемақы сұрасақ, "әжелерің өзі жүріп - тұрып жүр ғой, көзі де көреді екен сондықтан мүгедек ретінде жәрдемақы бере алмаймыз" дейді. Ал осынша көп туыстың барлығы жабылып, неге көмектеспеске деп те ел ойлайтын шығар, алайда әркімнің өз проблемасы бар осы заманда, тіпті кейбір ағайындарымыз неге кемпірді қарттар үйіне өткізіп, жаныңды бақпайсың дегенді айтады,-" дейді Нүкен. Алайда халықтық қалыпқа жат келетін бұл қадамға ол бармақ емес.
Ал Сахан әжей болса осы жасқа келгенше қатты аурырып көрмедім, қанша қиыншылық бастан өтсе де, осы заманға дейін жеттік дейді. Ел тәуелсіздігін алып, марқайдық деп жүрген заманда әжейдің қазіргі арманы өз алдына жеке пәтерде тұру. Сапырылысқан аядай пәтерге тығылған оны бағып-қағып қарау да қиынға соғады екен. Себебі қазір әжей өздігінен жүріп тұрады дегенмен, тамақты талғап ішіп, болмашы нәрсеге ашу шақырып, мазасыздана береді, зауқы соқпаса ашылып сөйлемейді. Естігендерін бізге көбіне немересі жеткізіп отырды.

Сұхбат кезінде анда-санда болмаса, көп сөйлей қоймаған қария біз кетуге жиналып жатқанда ғана:

-Әй, қарақтарым, менің көрген қиыншылықтарымды сендердің түстеріңе де кіргізбесін. Ана бастықтарыңа айта барыңдар, өлер алдындағы бір кемпірге үй тауып бере алатын шығар, - деді.

Кейуана оның жазған хаттары билік құлағына жетіп, бізді үй беретіндер деп ойлап қалса керек...
XS
SM
MD
LG