Accessibility links

Қадағалау алқасы «Тасжарған» газетінің шағымы бойынша шешімді кейінге қалдырды


Бүгін Алматы қалалық сотының қадағалау алқасы парламент мәжілісінің депутаты Ромин Мадиновтің арызына байланысты «Тасжарған» басылымына шығарылған сот шешіміне қатысты газетттің берген шағымын қарастырудың алғашқы тыңдауын өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қадағалау алқасының сот төрешісі М.Түйебаев істің ауқымды екенін ескертіп, шағым бойынша шешім шығаруды кейінге қалдырды.

Биылғы ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы журналист Алмас Көшербаев пен «Тасжарған» газетінің шағымдарын қарап, Медеу аудандық сотының олардан Ромин Мадиновтің пайдасына өндіріп алуға кесім еткен 3 миллион теңгені 10 есеге ұлғайту туралы шешім шығарған еді.

Парламент мәжілісінің депутаты Ромин Мадинов 2008 жылы 24 сәуірде «Тасжарған» газетінде жарық көрген «Байғұс латифундист» атты мақала өзінің ар-намысына тигенін алға тартып, газеттің меншік иесі мен мақала авторы Алмас Көшербаевтың әрқайсысынан моральдық өтем ретінде жиынтық 300 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінген болатын.
XS
SM
MD
LG