Accessibility links

Евгений Жовтиске қолдау танытып көшеге шыққандарға қарсы әкімшілік іс қозғалды


Азаттық тілшісінің хабарлауынша, құқық қорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот шешіміне наразылығын білдіріп, осыдан екі күн бұрын Алматының орталығындағы Арбат алаңына шыққан саясаттанушы Виктор Ковтуновский мен қазақстандық халықаралық тарих-құқық орталығының төрайымы Барета Ерғалиеваларға қарсы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалды.

Бұл азаматтар кеше түнде Алмалы ауданының Ішкі істер басқармасынан шақырту алған.

Барета Ерғалиева өзінің ешқандай рұқсат етілмеген митинг өткізбегенін, құқық қорғау қызметкерлерінің назарына не үшін іліккенін түсінбейтінін айтады.

«Шақыртуды кеше түнде алдым. Шақыртуда рұқсат етілмеген митинг өткізгеніне қатысты Ішкі істер басқармасына келсін делінген. Біз ешқандай пикет өткізген жоқпыз. Мен жәй ғана өзімнің пікірімді білдірдім. Мен онда құқық қорғаушы Евгений Жовтистің қызметінің нәтижесінде өз пікірімізді ашық білдіруге мүмкіндік алғанымызға назар аудартуға тырыстым», — деді Барета Ерғалиева Азаттыққа.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның өкілі Светлана Орысбаеваның айтуынша, оларға қарсы қозғалған істің хаттамасы әкімшілік сотқа жіберілген. Наразылық білдірушілер қазір Алмалы ауданының Ішкі істер басқармасында. Сондай-ақ бүгін сот отырысы болуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG