Accessibility links

Еуропа соты Қабыловтың ісі бойынша шешімінде Қазақстанды адам азаптайтын ел деп таныды


Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты ғимаратының сыртқы көрінісі. Страсбург.
Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты ғимаратының сыртқы көрінісі. Страсбург.

Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Қазақстанда адамды азаптауға жол беріледі деп танып, Әмір Қабыловты өз еліне бергелі отырған украин билігіне тоқтау салды. Қабылов ісінің бір ерекшелігі – бұл істің саясатқа қатысы жоқ.


ҚАБЫЛОВҚА КІСІ ӨЛТІРДІ ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛҒАН

Былтырғы жылғы қарашаның 20-сында Страсбургте орналасқан Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азаматы Әмір Қабыловты өз Отанына табыс етпек болған Украинаның билік орындарына тоқтау салды. Бұл істің ерекшелігі – аталмыш адамның саясатқа қатысы жоқтығында, Қабылов оппозициялық тұлғалармен байланыста болып көрмеген кісі. Осылайша, украин түрмесінде отырған бұл адам қылмыстық істің әділетті тергелетініне ешкім кепілдік бере алмайтын Қазақстанның сот-тергеу жүйесінің құрығына түсу қауіпінен құтылды.

Қабыловты Қазақстанға табыс етуге қатысты істі бірінші рет қараған Еуропа соты істі қарай салысымен ол адамды Отанына беруге тыйым салды. Заңды негізде алғаш пайда болған осы прецедентті естіп, Еуропаның әртүрлі елдерінде босқын мәртебесін ала алмай
Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотының мәжіліс залы. Страсбург.
жүрген ондаған қазақ елең ете қалды.

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Әмір Қабыловты Қазақстандағы билікке тапсыруға тоқтау салуына негіз ретінде Қазақстанда адамды азаптаудың жүйелі түрде қолданылатын тәсілге айналып кеткенін және сот жүйесі тәуелсіз еместігін атаған.

Енді осы істің қалай басталғанын сәл-пәл айтып өтейік. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотындағы Әмір Қабыловтың өкілі, украин адвокаты Аркадий Бущенконың Азаттық радиосына жеткізген хабары бойынша, Қазақстан азаматы Әмір Қабыловқа 2003 жылғы маусымның 16-сында Алматы қаласында кісі өлтірді деген айып тағылған, сол кезде ол бас сауғалап, Украина жеріне кетіп үлгірген болатын.

Содан соң, дәл сол жылдың 28 маусымында қазақстандық заң орындары оған халықаралық іздеу жариялады. Аркадий Бущенконың айтуынша, Әмір Қабылов 2004 жылы Украинаның астанасы Киевте мас күйінде ұсталған:

– Әмір Қабылов ұзақ уақыт Италияда анасымен бірге тұрған, оның нақты қандай іспен айналысқаны жөнінде менде ақпарат жоқ, шамамен бір фирмада жұмыс істеген. Ол Қазақстан азаматы болып саналады. Оның қолында Ресей Федерациясының төлқұжаты болған, бірақ тексеру барысында оның жалған екені анықталды. Осыған байланысты тіпті Ресейде біреуді жауапқа тартқан. Мәліметтерді тексере келе, украиналық құқық органдары Әмір Қабыловты медициналық айықтырғыштан тергеу абақтысына ауыстырды, ол қазірге дейін сонда отыр.

ҚАЗАҚСТАН ТАРАБЫНЫҢ ӨТІНІШІ

2004 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы Қазақстан азаматына өлім жазасының тағайындалмайтынына кепілдік беретінін айтып, Әмір Қабыловты елге қайтарып беру туралы Украинаға сұрау салған еді. Еске сала кететін бір жайт – Қазақстан 2003 жылдың желтоқсан айынан бастап өлім жазасына мораторий жариялаған болатын. Содан бері елдегі ең ауыр жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып келеді.

Сұрау салынғаннан кейін Украина жағы Қазақстанның айтқан уәжін қабыл алып, Әмір Қабыловты беруге келісті.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкері Андрей Гришиннің Азаттық радиосының тілшісіне айтқанындай,
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының қызметкері Андрей Гришин Қазақстандағы азаптауға қарсы өткізілген акцияда. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
Қазақстанға беру туралы әңгіме шыққаннан бастап Әмір Қабыловтың адвокаты мен анасы украиналық сот органдарына оны Қазақстанға бермеуді сұрап, арызданумен болған, бірақ әлі күнге бір де бір жауап ала алмаған.

Содан кейін Әмір Қабыловтың адвокаты мен анасы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданған. Ол сот Украина билік орындарына Қазақстан азаматын өз еліне қайтарып беруді уақытша тоқтата тұру туралы қаулы шығарған. Ал, қазір енді ол адамды Қазақстанға беруге біржола тыйым салып отыр.

Осы уақыт ішінде, яғни 2004 жылдан бері Әмір Қабылов сот мәжілісін күтумен Киевтегі тергеу абақтысында отырған.

– Қазақстан заңдары бойынша, сот өндірісі сатысында адамды тұтқында ұстаудың мерзімі он екі айдан аспауға тиіс болғандықтан, қазақстандық прокуратура Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде кепілдік берілетін адамның қалыпты мерзім ішінде сот талқысына түсу құқығы бұзылды деп мәселе көтерді. Қазақстан жағы, сондай-ақ, жаза тағайындау кезінде оның Еуропа сотының шешімін күтіп отырған кезеңі есепке алына ма, жоқ па, соған алаңдады, – дейді Андрей Гришин.

ҚАБЫЛОВТЫҢ СОТЫ УКРАИНАДА БОЛАДЫ

Андрей Гришиннің айтуынша, осындай негіздермен Қазақстан прокуратурасы бұл іс бойынша шешімнің шығуын жылдамдатуды сұрап, Еуропа сотына арыз жолдаған. Сол аралықта Әмір Қабылов өзінің Украина билігінен Еуропа сотына жолдаған шағымын қайтарып алуға мәжбүрлеген қысым көргенін айтып, Еуропа сотына тағы шағымданған.

Осы арыз-шағымдардың негізінде Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты шығарған шешімде мынадай тұжырымдар айтылады:

«Қылмыстық жауапкершілікті сезіктілердің мойынына алғызу мақсатымен қамаудағы адамдарға азап көрсетіліп, аяусыздық танытылатынына, үнемі ұрып-соғып, зорлық көрсетілетініне және тиімділігі төмен тергеу рәсімдеріне қатысты көптеген деректер келтіретін әртүрлі халықаралық және ұлттық ұйымдардың баяндамаларын сот зерделеп шықты».

Бұған қоса шешімде Қазақстанның қамау орындарындағы жағдайдың нашарлығы және қамаудағыларға медициналық жәрдемнің толық көлемде немесе мүлдем көрсетілмейтіні айтылады.

Осы шешімнен кейін, адам құқықтарын қорғаушы Андрей Гришиннің айтқанындай, Қазақстан жағы ол айыптауларды жоққа шығаратын ешқандай дәлелдер ұсынбаған, сол себепті Еуропа соты Әмір Қабыловқа аяусыздыққа ұшырау қаупі төніп тұр деген шешімге келген.

Еуропа соты сонымен қатар Қазақстандағы кез келген сезікті адамның басында осындай жағдай болуы мүмкін деп атап көрсетті. Еуропа соты адамды азаптаудан басқа, қазақстандық сот төрелігінің толық тәуелсіз еместігін және Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуы
Жасалған қылмысқа қатысты сезікті болған, бас бостандығынан айыру орынында отырған Қазақстандағы кез келген адамға азапталу қаупі немесе адамдық ар-намысының тапталу қаупі шындап төнетіні, кейде тіпті мұндай келеңсіздіктің ешбір себепсіз, мақсатсыз жасалатыны нақты анықталды.
қалыпты жағдай екенін қадап айтты.

Енді Еуропа сотының шешімінен үзінді келтірейік:

«Жасалған қылмысқа қатысты сезікті болған, бас бостандығынан айыру орынында отырған Қазақстандағы кез келген адамға азапталу қаупі немесе адамдық ар-намысының тапталу қаупі шындап төнетіні, кейде тіпті мұндай келеңсіздіктің ешбір себепсіз, мақсатсыз жасалатыны нақты анықталды. Сондықтан да сот арызданушы адамның белгілі бір қылмысқа қатысты сезікті ретінде тұтқындалудың өзі ол еліне оралған жағдайда Адам құқықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияның 3-бабына қарсы келетін қарым-қатынасқа ұшырайтынына жеткілікті негіз бола алатыны туралы келтірген дәйектерін қабыл алады. Осы себепті арызданушыны өз елінің билігіне тапсыру Адам құқықтарын қорғау туралы Еуропа конвенциясының 3-бабын бұзу болып табылады».

Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Әмір Қабыловты экстрадициялауға (өз еліне табыс етуге) тыйым салып қана қоймай, сонымен қатар оған 5 мың еуро төлеуге және барлық сот шығындарын өтеуге Украинаны міндеттеді. Адвокат Аркадий Бущенконың айтуы бойынша, бүгінде қазақстандық Әмір Қабылов Украинаның Полтава қаласында тұтқында отыр. Бущенконың сөзіне қарағанда, Қабыловтың соты да сол жерде өтетін секілді.

АСТАНАНЫҢ БЕДЕЛІНЕ СЫЗАТ ТҮСТІ

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Қабыловтың ісі бір жағынан прецедент болып отыр. Яғни, бұдан былай Қазақстаннан қашқан саяси босқындар да және дәл солай қылмыскерлер де, егер Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының шешімін орындауға міндетті 51 елді паналар болса, оларға қазақстандық сот төрелігінің қолы жетпейтін болады.

Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде Алматыда орналасқан Халықаралық журналистика орталығының жетекшісі Вячеслав Абрамов та дәл сондай пікір білдірді. Іс жүзінде Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты өзінің осы шешімімен Қазақстанда адамды
Вячеслав Абрамов, «Media net» халықаралық журналистика орталығының жетекшісі. Алматы, 23 маусым 2010 жыл.
азаптаудың қалыпты жағдайға айналғанын мойындады деп санайды ол.

– Бұл шешімнің бәріне бірдей күші жүреді, сайып келгенде, Еуропа сотының осы шешімі жаңа стандартты бекітті. Енді заңды жазадан қашқандар да және саяси қуғынға немесе діни көзқарасына байланысты қуғын көріп, жазадан қашқандар да Қазақстанға берілмейтін болды. Яғни, Қазақстан өзінің осынау ішкі келеңсіздігінің салдарынан, адамды азаптауды тоқтату мақсатындағы тиімді күрес шараларын жүргізбегендіктен, елде адамды азаптаудың қалыпты жағдайға айналғандығының әсерінен енді қылмыскерлер де жазадан құтыла алатын болды, – дейді Вячеслав Абрамов.

Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты қазақстандық Әмір Қабыловты Отанына қайтармақ болған Украинаның әрекетіне тоқтау салу туралы шешім шығарған кезде Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге ресми түрде кірісуіне бір жарым ай қалған болатын. Осы жайында әңгімелеген Вячеслав Абрамов былай деді:

– Бұл оңай соққы емес, бұл елдің беделіне нұқсан. Бұл дегеніңіз Қазақстанға адам табыстауға тыйым салынды деген сөз. Сондай-ақ бұл
Бұл оңай соққы емес, бұл елдің беделіне нұқсан. Бұл дегеніңіз Қазақстанға адам табыстауға тыйым салынды деген сөз. Сондай-ақ бұл шешім Қазақстан мен қаржы институттары арасындағы ынтымақтастыққа елеулі түрде әсер ететін болады.
шешім Қазақстан мен қаржы институттары арасындағы ынтымақтастыққа елеулі түрде әсер ететін болады. Өйткені, оған мысал ретінде, Еуропа қайта құру және даму банкінің Өзбекстандағы адам құқықтарына қатысты ахуалдың нашарлығына байланысты сол елден қол үзгенін білеміз.

ӨЗБЕКСТАНҒА ТЕҢЕГЕНІ МЕ?

Бұған дейін Батыс мемлекеттерімен бірге Қазақстан, Ресей және Украина елдері де өзбек билігі сұрау салған Өзбекстанның кейбір азаматтарын Отанына табыс етуден бас тартып жататын. Сол кезде адам құқықтарын қорғаумен айналысатын көптеген беделді ұйымдар Өзбекстанда адамды азаптау доғарылмай келеді деп мәлімдейтін.

Қазір енді Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты әлгіндей шешімі арқылы Қазақстандағы ахуал да дәл сондай жағдайда деп таныды дейді кейбір сарапшылар. Алайда, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның заңгері Инара Алдыбаеваның көзқарасы басқаша.

– Біріншіден, бұл біздің елді Өзбекстанға теңеді деген сөз емес. Адамды азаптау келеңсіздігі барлық елде бар, тек бір елде азырақ болса, енді бір елде көбірек. Бірақ, мұндай шешімнің тура Қазақстанға қатысты шығарылғаны, әрине, біз үшін, Қазақстан азаматтары үшін өкінішті жайт, – дейді Инара Алдыбаева.

Бұған қоса ол Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдарының коалициясына кіретін қоғамдық ұйымдардың бірқатары Қазақстандағы адамды азаптау мәселесіне «нөлдік шыдамдылық» саясатының қалыптасуына және біртіндеп елде азаптап-қинаудың жойылуына септесу бағытында жұмыс жүргізуде дегенді айтады.

БАЙСАҚОВ ТА ЕУРОПА СОТЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Әйткенмен, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының адамды азаптау Қазақстанда жаппай сипат алған және қазақ соттары тәуелсіз емес деп танығанына үш жарым ай өтсе де, ресми Астана жағдайды жақсартуға шындап күш салған жоқ.

– Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен кездескенде бұл мәселені көтерген болатын. Бірақ, әлі күнге мәселе шешімі табылмаған күйде қалып отыр. Дегенмен де Қазақстанның мемлекеттік органдары адамды азаптаудың тамырына балта шабуға келгенде ешқандай әрекет жасамай отыр деп айтуға болмайды. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің ұсыныстарын іске асыру мәселелері бойынша үкімет жоспары даярланған, азаптаудың алдын алу жүйесін құруды қарастыратын ұлттық превентивті механизм туралы заң жобасын даярлау үшін жұмыс тобы құрылып, оған азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының көптеген мүшелері енгізілген, – дейді Инара Алдыбаева.

Өткен жылдың қаңтарында Еуропа соты 2001 жылы кісі қолынан қаза болған павлодарлық бизнесмен Борис Костановтың өліміне қатысты Қазақстанда айыпталған ағайынды Байсақовтарды Қазақстанға беру ниетінен Украинаны қайтарған болатын.

Сол жолы да Украина билігі ағайынды Байсақовтардың саяси босқын мәртебесін алғанын алға тартып, бұл екі қазақстандық азаматты Отанына тапсырудан бас тартқан еді.

Украинадағы Есентай Байсақовтың мүддесін қорғаушы киевтік адвокат Петр Бойко Азаттық радиосына берген сұхбатында, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты ағайынды Байсақовтардың ісі бойынша шешім шығарар кезде Қабыловтың ісі бойынша шығарылған шешімді прецедент ретінде негізге алғанын айтты.

– Қабыловтың ісі бойынша Еуропа сотының шығарған шешімі басқа да осы тектес істер үшін күші бар нормаға айналды. Оның күші келесі істерге де жүреді. Сондықтан Байсақовтардың және басқалардың істері қаралған кезде прецеденттің ескерілгені анық. Одан басқадай шешімнің шығуы да мүмкін емес еді. Егер Еуропа сотының сол шешімін және басқа да шешімдерді қарайтын болсақ, онда олардың ылғи да прецедентке норма немесе құқық бастауы ретінде сілтеме жасайтынын көреміз, – дейді адвокат Петр Бойко.

Ағайынды Байсақовтардың ісі туралы және оның ойламаған жерден Еуропа сотында жалғасын табуы жайында Азаттық радиосы келесі мақаласында әңгімелейтін болады.
XS
SM
MD
LG