Accessibility links

Қамаудағы өзбектер босқын мәртебесін ала алмаған күйі экстрадицияланды


Полиция қамаудағы өзбек босқындардың әйелдерін прокуратура ғимаратына жібермей тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл
Полиция қамаудағы өзбек босқындардың әйелдерін прокуратура ғимаратына жібермей тұр. Алматы, 9 маусым 2011 жыл

Алматыда қамауда жатқан ондаған өзбек азаматын Қазақстан полициясы бүгін Өзбекстанның құқық қорғау органдарының қолына тапсырды.


Бұл турасында бүгін Азаттық радиосына Алматы қалалық прокурорының аға көмекшісі Тәшкенбай Әубәкіров хабарлады.

- Өзбекстанның бас прокуратурасының өтініші негізінде оларды еліне қайтару туралы шешімді Қазақстанның бас прокуратурасы қабылдады, - деді Тәшкенбай Әубәкіров.

Оның айтуынша, осыған дейін өзбек азаматтарының қорғаушылары бас прокуратураның шешімін кері қайтару турасында сотқа арыз түсірген екен. Әйтсе де, шешім күшінде қалған.
Бұл адамдар Өзбекстан территориясында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп келген.

Ол сонымен бірге өткен жылдан бері босқын статусын сұрап келе жатқан өзбек азаматтарына соттың барлық инстанцияларынан өту құқығы берілгенін айтып, процестердің заңды өткенін көрсетуге тырысты.

- Бұл адамдар Өзбекстан территориясында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп келген. Екі ел қатар қабылдаған Минск конвенциясы және өзге де халықаралық құжаттарға сәйкес, бұл адамдар еліне қайтарылуы тиіс болатын, - дейді прокурор көмекшісі.

Өзбекстанға қайтарылған өзбек азаматтарының кейбірінің Қазақстандағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы берген арнайы статусы болған еді. Прокуратура өкілінің айтуынша, оларды еліне қайтарардың алдында басқарма ондай мәртебесін қайтарып алған.
Адам құқығын қорғаушылар мұсылман-босқындарды Өзбекстанда азаптау күтіп тұрғанын айтып, оларды өзбек билігінің қолына бермеуге шақырып Қазақстан билігіне бірнеше рет үндеу жасады.

Қаңтар айында Алматыда тағы да екі өзбек азаматы ( ағайынды Сунатулла Кулдошев және Сухроб Кулдошев) ұсталғанын Азаттық радиосы хабарлаған болатын. Тәшкенбай Әубәкіровтың айтуынша, қазіргі таңда бұл екі азаматқа қатысты сот процестері Алматыда жалғасып жатыр.

НАРАЗЫЛЫҚ

Бүгін түстен кейін Алматы прокуратурасының ғимараты алдында пикет өткізген 12 өзбек босқынының әйелдері өз күйеулерінің Өзбекстанға экстрадицияланғаны туралы ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды талап еткен еді. Алайда прокуратура өкілдері олардың талабына назар аудармай, ғимараттың ішіне енбекші болғандарын күш қолданып, сыртқа шығарып жіберді. Сәлден кейін қайта қарсылық көрсеткендерін полиция көлікпен алып кетті. Соңғы ақпарат бойынша, оларды бірнеше сағаттан кейін босатып жіберген.
Қамаудағы кейбір өзбектердің әйелдерін полиция уақытша тергеуге алып кетті. Алматы, 9 маусым 2011 жыл

Қазақстан заң орындары бұл босқындарды Өзбекстан билігінің сұрауы бойынша өткен жылы жазда Алматыда тұтқындаған еді. Қазақстандық көші-қон мекемесі оларға босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң, мұсылман-босқындар сотқа шағым түсірген болатын. Алайда бұлардың ісін бірнеше ай бойы қараған Алматы соты қамаудағылардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Адам құқығын қорғаушылар мұсылман-босқындарды Өзбекстанда азаптау күтіп тұрғанын айтып, оларды өзбек билігінің қолына бермеуге шақырып Қазақстан билігіне бірнеше рет үндеу жасады.

Азаттық радиосы Алматыда қамауға алынған өзбектерге қатысты егжей-тегжейлі ақпарат беріп келді. Бұл тақырып туралы жан-жақты мәліметті біздің айрықша тақырыптар айдарынан, "Босқын өзбектер" парақшасынан табасыз.

Өзбек босқындарының жұбайларын прокуратураға кіргізген жоқ

Өзбек босқындарын прокуратураға кіргізген жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG