EUCAM ұйымының сарапшысы Себастьян Пейруздың қазан айында жарық көрген арнайы есебіндегі топшылауынша, Ресей мен Қытай Орталық Азия елдерінде қабылданатын саяси шешімдерге қаншалықты сырттан қысым жасағанымен, бұл аймақтағы елдердің басшылары Мәскеу мен Бейжің болмаса да бірден демократиялық жолға түсе қоймас еді. Орталық Азия елдерінің жетекшілері қауіпсіздік мәселесі бойынша ықпалы күшті Кремльге де қарағыштай бермейді, көбіне ішкі саяси ахуалы мен саяси мәдениетіне сәйкес шешім қабылдайды деп санайды маман.
Еуропа Одағы - Ресей, Қытай мен АҚШ сияқты бұл аймақтағы қауіпсіздік мәселесін бақылап отырған негізгі саяси ойыншылардың бірі. Бірақ, басқалардан айырмашылығы Еуропаның бұл аймаққа қатысты нақты қалыптасқан стратегиясы жоқтың қасы. Автордың жазуынша, НАТО-ның халықаралық қауіпсіздікті қолдау күштері Ауғанстанды тастап шыққан кезде Еуропа Одағының Орталық Азияда қауіпсіздікті сақтау бойынша қандай да бір құрылымының жоқ екені жалаңаштанып көрініп қалды. Оны осы аймақтағы елдердің үкіметтері қатты алаңдап отыр.
Тәжікстан мен Қырғызстан экономикалық ресурстары жеткіліксіз болғандықтан көбірек қауіпсіздік мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр. Өзбекстан мен Түркіменстанның халқына тиесілі экономикалық ресурстары көлемді бола тұра олардың оқшаулану тәсілі мен автократиялық саясат ұстануы азаматтарына тиімсіз. Сондықтан да Өзбекстанның өсіп бара жатқан халық саны бұл елге геосаяси тұрғыдан күш бере ме, әлде әлеуметтік осалдығына айнала ма деген сауал қояды сарапшы. Қазақстан бес елдің ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері ең жетілген ел, бірақ бәрібір қауіптен ада емес деп түйеді Пейруз.
Автор бұл елдердегі қауіпсіздіктің өзін әскери қауіпсіздік (сыртқы шабуылдан қорғану), саяси қауіпсіздік (билеуші топтың өз өкілетін қорғауы), дәстүрлі емес қауіпсіздік (діни экстремизм мен азаматтық соғыстан қорғану), мәдени қауіпсіздік (аз ұлттарды демографиялық немесе мәдени доминантаға айналдырмау), энергетикалық қауіпсіздік (экономикалық дамуды сақтап тұру) және жеке адам қауіпсіздігі (ауыз су мен азық-түлікпен қамтамасыз етуде, халықтың сауатын күшейту мен денсаулық сақтау саласын жақсартуда, миграциялық процестердің шектен шығармауда мемлекеттің сәтсіздікке ұшырамауын қадағалау) деп жіктейді.
Зерттеушінің ойынша, Орталық Азия елдерінің басшылығы мемлекетті еркін азаматтардан құралған абстрактылы бірлік ретінде емес, саяси жетекшіліктің бір көрінісі немесе билеушінің легитимділігін дәлелдеп тұратын стратегия түрінде танытады. "Олардың көздегені - режимнің қауіпсіздігі. Ұзақ мерзімді мемлекет қауіпсіздігі тек жеке адам қауіпсіздігін қамтамасыз еткенде барып орнығады" деп жазады сарапшы.
1994 жылы БҰҰ деңгейінде анықтама берілген "адам қауіпсіздігі" дегеніміз мемлекеттің қатардағы азаматын экологиялық апаттардан, қатерлі жұқпалы аурулардан, аштық пен экономикалық мешеуліктен, кедейліктен, бейберекет көшіп-қонудан, сауатсыздықтан, медициналық жәрдемсіз қалудан, көліксіз қалудан, жемқорлықтан, бала еңбегін қанаудан, құлдықтан және құқықтарын бұзатын барлық келеңсіз жайттардан сақтауы.
Сарапшының ойынша, Еуропа Одағы Орталық Азия үкіметтеріне дәл осы адам қауіпсіздігі мәселесі бойынша айтатын талап-тілектерін күшейтуі керек. Түркіменстандағы халықтың жаппай сауатсыздануы мен халықаралық қауымдастықтан ажырап қалуы, Өзбекстанның Ферғана аймағындағы шекарасын саяси құралға айналдырып, Қырғызстанда "демократиялық хаос" орнағанын дәлелдеуге тырысуы және жас балаларды ауыр жұмысқа жегуін тоқтатпауы, Тәжікстан басшысының ірі гидро-электрлік станциялар салу туралы амбициясының жергілікті халық үшін анағұрлым тиімді шағын су-электр станцияларын салуға кедергі келтіруі, Ташкент пен Душанбенің діни экстремизмді желеу етіп діни азшылықтарға қысым көрсетуі сияқты мәселелр бұл аймақтағы адам қауіпсіздігін одан сайын әлсірете түскен. Қылмыстық сипатты көлеңкелі экономикалық жүйе де бұл мәселені ушықтырып тұр.
Бес елдің ішінде ең тұрақты, әрі ішкі мәселелері ретті боп көрінсе де, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен кейінгі билік мәселесін дұрыс шеше алмағаны саяси элита арасында алауыздық туғызды деп санайды EUCAM сарапшысы Себастьян Пейруз. Мұнайдан түскен пайданың жалпы халық игілігі үшін біркелкі жұмсалмауы бұл елдегі адам қауіпсіздігі мәселесін күрделендіріп, әлеуметтік наразылықты күшейте түсті деп түйіндейді ойын зерттеуші.