Accessibility links

Алматыдан барған журналистерді Жаңаөзенге жібермеді


Ақтау қаласының көрінісі.
Ақтау қаласының көрінісі.
Бүгін түнде Алматыдан Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына журналистердің шағын тобы ұшып барды. Олардың арасында Азаттық тілшісі де бар. Негізі журналистер сенбі күні таңертең келмек болған еді, бірақ Алматыдан Ақтауға қатынайтын ұшақ рейсі кейінге шегерілді.

Таңертең Алматыдан барған журналистер Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасында болды, бірақ онда тілшілерді қабылдамады.

Бұдан соң Жаңаөзенге баруға рұқсат алу үшін облыстық прокуратураға барған журналистерге осы мекеменің аппарат жетекшісі басшылардың барлығы Жаңаөзенде жүргенін және Жаңаөзенмен байланыс жоқтығын айтып, Маңғыстау облысында соңғы ахуалға қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Қазір алматылық журналистер Ақтаудың орталық алаңына беттеді. Бұл жерде сенбі күні наразылық акциясы өтіп, ондаған адам ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Сенбі күні Қазақстан президенті Назарбаев Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібін енгізу туралы жарлық шығарған еді.

Ресми ақпарат бойынша, 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік барысында 11 адам опат болып, қарапайым тұрғындар мен полиция өкілдері бар - барлығы 80-нен астам адам жарақаттармен ауруханаға түскен.
XS
SM
MD
LG