Accessibility links

"Фридом Қазақстан": Сайлауда заң бұзылды


Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында дауыс берген сайлаушылар көлемі 50 пайыздан асты деп хабарлады сайлауға бақылау жасаған "Фридом Қазақстан" коалициясы.

Алматыда баспасөз жиынын өткізген ұйым "Біздің есебіміз бойынша, сайлауда дауыс берушілердің саны 50 пайыздан көп болды. Алматыда сайлаушылардың 39 пайызы дауыс берді. Сайлаушылар белсенділігі таңертеңгі және кешкі уақыттарда байқалды" деген.

Ұйым өз есебінде Алматының әлеуметтік деңгейі төмен, "өзін-өзі жұмыспен қамтитын" аудандарында сайлаушылардың "ерекше белсенділікпен" дауыс бергенін айтады.

"Мемлекеттік құрылымдар мен партияның ыңғайына жығылатын кәсіпорын басшыларының ықпалына аз ұшырайтын бұл санаттағы азаматтардың белсенділік танытуы Қазақстан азаматтарының азаматтық сана-сезімдерінің оянып келе жатқанын көрсетеді" дейді. Ұйым сондай-ақ "электораттың әкімшілік ресурстарына да қарсылық таныту деңгейінің де артқанын" атап өтеді. "Мұны "карусель" деп аталатын дауыс ұрлау тәсілдерінің анықталғаны және оған мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың араласуы дәлелдей түседі" дейді ұйым.

"Фридом Қазақстан" коалициясына кіретін "Салыстырмалы құқықтану орталығының" жетекшісі Руслан Қалиев жиында коалиция бақылаушыларының түрлі заң бұзушылықтарды анықтағандарын, ол туралы мәліметтерді осы аптада жариялайтындықтарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG