Мақала ежелгі гректердің көне жазба деректеріндегі көшпенділер жайлы деректерден басталады. Ежелгі грек жылнамашылары оларды "Қытай шекарасы мен Қара теңіздің ортасындағы кең даланы жайлап жатқан жүгенсіз көшпенді тайпалар" деп сипаттаған. Негізінен көшпенділер тарих сахнасында біздің дәуірімізге дейінгі мың жылдықта ауыл шаруашылығы мен қала өркениетіне қарама-қарсы тарап ретінде танылды деп жазады басылым.
Мақала аворы осыдан соң көшпенділердің көне тарихына былайша шолу жасайды. Көшпенділер өздері жайлы жазба деректер қалдырмағандықтан олардың өздерін кім деп атағанын біле алмаймыз. Жазу өнері дамыған көршілерінің (қытай, парсы) деректеріне қарағанда, оларды «скифтер» немесе «сақтар» деп атаған. Жалпы көшпенділерге мәдени эволюция барысында толық дамымай, орта жолда тоқтап қалған топ ретінде менсінбей қарайтын пікір қалыптасқан.
Олар аңшылық қылып күнелткендерден артық тұрса да, егін егіп, қырман жинап, әлеуметтік және экономикалық жағынан күрделі қарым-қатынасқа түскен отырықшы қалалық өмірден де қашық болды деп жазады автор.
АЛУАН ТҮРЛІ ЭКСПОНАТТАР
Бірақ археологтардың соңғы жылдары Орталық Азияның территориясынан тапқан қазба деректері көшпенділер туралы қалыптасқан бұрынғы пікірдің қате екендігін көрсетті деп жазады басылым. Қазба жұмысы кезінде табылған бұйымдар көшпенділер көптеген отырықшы халықтан кенже қалған деген пікірді тас-талқан қылды.
Обалардан табылған бұйымдарға қарап біздің дәуірімізге дейінгі 8-ғасыры кезінде- ақ Парсы және Қытай сияқты қуатты көршілерімен мәдени қарым-қатынаста болып, шапшаң көші-қон стратегиясын дұрыс жүргізу арқылы гүлденіп отырғанын білуге болады.
Мақала авторы Ресей мен Қытай шекаралары және Шығыс Қазақстандағы Алтай тауларындағы ескі обалар мен қорғандардан табылған заттық деректерді сипаттап шығады. Табылған бұйымдарға қарап, археологтардың бұл қорғандарға ақсүйек көшпенділер жерленген деп түйгенін айтады. Әр түрлі жолдармен қолға түскен қымбат әшекей бұйымдарды көшпенді елдің шеберлері өзгертіп, өз дүниетанымдарына сәйкестендіріп, төл туындысы етіп қайта жасаған деп тұжырымдайды.
Қазақстанның төрт ұлттық мұражайы мен Нью-Йорк университетінің ежелгі заман зерттеу институты бірлесіп өткізген көрмеде жұртшылыққа бұрын-соңды таныс емес көшпенділер жасаған аң-құс стиліндегі 250 экспонат қойылды деп жазады басылым. Корғаннан табылған экспонаттардың бір-біріне ұқсамайтын алуандығына қарап, ғалымдар сол кездегі көшпенді қоғамның әлеуметтік топтарының да әртүрлі болғанын білу қиын емес деп санайды.
«ТАСАДА ҚАЛҒАН МӘДЕНИЕТ»
Мақала авторы көрмеге қойылған Пазырық мәдениетінің әшекей бұйымдары туралы институт басшысы Дженнифер Чидің пікірін келтірген.
«Бұл коллекциялар бізге көмескі көшпенді өмірдің тіршілігін сипаттайды. Шеберлер әдемі балқытылған алтындармен киелі ғұрыптарды тірідей етіп суреттеген. Олардың табиғатпен етене байланысы да бұйымнан білініп тұр. Әрі олардың күрделі жерлеу рәсімі мен өзге әлеммен қатынасы да бедерлі бейнеленген» дейді америкалық ғалым.
Дженнифер Чи: «Көшіп-қонып қана жүрген жұрт сияқты сипатталатын бұл халықтың мұрасы жаңа зерттеулерге әлі ілінбей жатыр» деп қынжылыс та білдірген.
NYT басылымы Алтайдағы Берел ауылының маңындағы қорғандардан табылған археологиялық жаңалықтың тарихына да біршама тоқталған. Әу баста мәңгі мұз қабатында сіресіп, ұзақ уақыт бүлінбейтіндей етіп жасалған қорғандар тоналып, бұзылған соң ондағы қалыпты температура өзгерген. Соның өзінде көптеген сүйек, шаш, тырнақ сақталып қалған. Адам тәнінің де сақталып қалғанына қарап, кейбір денелерді бальзамдап, оларға өрнек салғанын білуге болады.
Ер адам мүрделерінің шаштары қырқылып, оларға қолдан жасалған жалған шаштар кигізілген. Қазақстандық ғалым Қырым Алтынбектің айтуынша, бірнеше қорғаннан табылған мүрделерді аман сақтап қалу қияметтің қиыны болған. Обаның іші тоналып, шашылып, қоқыстар үйіліп қалған. Табылған материалдардың бәрін шірітпей аман сақтайтын тәсілді ойлап табуға алты жыл уақыт кеткен.
СОНЫ СИМВОЛДАРҒА АЙНАЛҒАН КӨНЕ БЕЙНЕЛЕР
Белгілі басылым Алтай қорғандарында қазақстандық ғалымдардың қазіргі кездегі жасап жатқан жұмыстары туралы да біршама баяндаған. Сонымен қатар обалардан кейінгі кездері табылып жатқан тың деректерге де кеңірек тоқталып, біршама мағлұмат берген.
Мақаланың соңына қарай басылым Нью-Йорк университетінің Орталық Азияның қолөнері мен археологиясын зерттейін ғалымы Сорен Старктың та көшпенділер мәдениетіне қатысты пікірлерін келтірген.
АҚШ ғалымдарының пайымдауынша, көшпенділер Хань династиясы кезіндегі Қытаймен етене араласқан кезде де олардан енген мифологиялық аң-құс суреттерін мүлдем басқаша түрлендіріп, жаңа бейне тудырған һәм өз дүниетанымдарына бейімдеп алып отырған.