Accessibility links

Қазақстан мен Ресей арасындағы шарт қайта жаңартылады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Кремль, Мәскеу, 9 қазан 2012 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Кремль, Мәскеу, 9 қазан 2012 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт қайта жаңартылуды қажет етеді" деп мәлімдеді. Назарбаев бұл сөзін 9 қазанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден соң айтқан. Бұл туралы ақпарат қазақ президентінің ресми сайтында жарияланды.

"Шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Сонымен қатар біз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуын атап өтудеміз. Қазіргі уақытта, бүгінгі заманның талабын ескере отырып, шарт тиісті бейімдеуді және жаңартуды қажет етеді. Өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша ынтымақтастық нығайып келеді. Біз әсіресе өз тарапымыздан құрылған бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы экономикалық ықпалдастықтың барлық мәселесіне одан әрі мұқият және салмақты қарауымыз қажет" деді Назарбаев.

Ресей президенті Владимир Путин екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының құрылымы "әртүрлілігімен ерекшеленетінін және 20 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтынын" атап өткен.

"Біздің екіжақты саяси, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жөнінде пікір алмасуды жалғастыруға және біздің елдеріміздің арасында ғана емес, жалпы алғанда барлық посткеңестік кеңістікте ықпалдастықты тереңдетуге байланысты мәселені талқылауға мүмкіндігіміз бар" деді Путин.

Кездесудің қорытындысы бойынша ХХІ ғасырда тату көршілестік және одақтастық туралы жаңа шартты әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы уағдаластықты бекіткен бірлескен мәлімдеме қабылданды деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.
XS
SM
MD
LG