Accessibility links

Қазақстаннан 5 мың 500 адам қажылыққа аттанған


Қажылық сапарға бара жатқан қазақстандықтар әуежайда отыр. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Қажылық сапарға бара жатқан қазақстандықтар әуежайда отыр. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ақпаратына сүйенсек, биыл Сауд Арабиясының қажылық министрлігі Қазақстанға 5 мың 500 квота бөлген. Бұл адамдарды қажылыққа апарумен 20 туристік компания айналысқан.

5500 ҚАЖЫҒА – 5 ДӘРІГЕР

– Жыл сайын қажылыққа баратындардың саны өсіп келеді. 2009 жылы – 2 мың 800 квота, 2010 жылы – 3 мың 80 квота, 2011 жылы 4 мың 300 квота бөлінген. Енді 5 мыңнан асты. Бүкіл квота игерілді, – деді ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Әлішер Спанов Азаттыққа берген сұхбатында.

Оның айтуынша, биыл қажылыққа кеткен адамдармен бірге бес дәрігер аттанған.

– Олар мұсылмандық парызын өтеушілердің денсаулығын жіті қадағалап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, – деді Әлішер Спанов.

Діни басқарма «уағыз-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін» қажылыққа 100 имамды да жібергенін де айтты.

– Биыл Меккеге жүз молда апардық. Олар қазақстандықтарға насихат жұмыстарын жүргізіп, өзге дін өкілдерінің жетегіне түсіп кетпес үшін нұсқаулар береді, – деді басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

«КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМ БАРА АЛАДЫ... ТЕК КОМПАНИЯЛАР АРҚЫЛЫ»

ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Әлішер Спановтың айтуынша, «Қазақстанда
Қажыға бара жатқан азаматтар әуежайда отыр. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Қажыға бара жатқан азаматтар әуежайда отыр. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
кез келген адам қажылыққа бара алады, ешкім қажылыққа бару үшін кезекке тұрмайды».

Оның сөзіне қарағанда, қажылыққа баратын адамның құжаттары дұрыс болуы тиіс, ол жаққа кетерде менингит ауруына қарсы вакцина еккізуі керек.

– Ал виза жағын туристік компаниялар реттейді. Қазақстанда қажылық сапарды тек туристік компаниялар атқарады. Яғни азаматтар жеке өзі бара алмайды. Оларға квота берілмейді. Жалпы, парыз өтеуге жұртпен бірге бару тиімді, – деді ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Әлішер Спанов.

АРЗАНЫ – 2 800 ДОЛЛАР, ҚЫМБАТЫ – 13 000 ДОЛЛАР

Алматыдағы туристік компаниялардың бірінің менеджері Айман Есімханова өз мекемесі 200 адамды қажылыққа аттандырғанын айтты.

– Қажылық ұйымдастыру кезінде біз Меккеге арнайы барып, қонақ үй, жол мәселелерін шешіп келдік. Қажылық кезінде жасалатын діни салттардың бәрін де
Қағбаны айналып жүрген қажылар. Сауд Арабиясы, 6 тамыз 2012 жыл.
Қағбаны айналып жүрген қажылар. Сауд Арабиясы, 6 тамыз 2012 жыл.
қарастырдық. Қажылыққа баратындардың берген қаржысына барлық қызмет кіреді, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Айман Есімханованың айтуынша, Қазақстанда қажылыққа бару құны 2 мың 800 доллардан басталады.

– Қажылықтың құны ұшақ бағасына және қонақ үйге байланысты. Арзан қонақ үй болса, 2 мың 800 доллар. Бұл жерде бір бөлмеге алты-жеті адам жатады. Орташа 5 мың долларлық төлем де бар. Ол жерде үш жұлдызды қонақ үй болады. Сол сияқты, төрт жұлдызды қонақ үй мен бес жұлдызды қонақ үй таңдаса, 9 мың доллардан 13 мың долларға дейін төлейді, – деді туристік компания менеджері.

Қазақстаннан қажылыққа квота алған адамдардың барлығы қазір Сауд Арабиясының Мекке мен Медина қалаларына аттанып кетті. Олардың алды 2 қараша күні елге орала бастайды.

Биыл Қазақстаннан қажылыққа аттанған 5 мың 500 адамның ең жасы – 20-да, ал егдесі – 80 жаста.
XS
SM
MD
LG