Accessibility links

Юлия Тимошенкоға тағы бір айып тағылады


Юлия Тимошенко. Киев, 17 наурыз 2010 ж.
Юлия Тимошенко. Киев, 17 наурыз 2010 ж.
Украинаның тергеу орындары елдің бұрынғы премьер-министрлері Юлия Тимошенко мен Павел Лазаренконы 1996 жылы қаза тапқан Жоғары рада депутаты Евгений Щербаньді өлтіруге тапсырыс берген және қылмысты қаржыландырған күдіктілер ретінде қарастырып отыр.

Бұл туралы жұма күні Украинаның бас прокуроры Виктор Пшонка мәлімдеді. Ол тергеушілердің Тимошенко мен Лазаренконың "кінәсін дәлелдейтін жеткілікіті айғақ" тапқанын айтып, жақын арада Тимошенкоға ресми айып тағылатынын хабарлады.

Украина Жоғарғы радасының депутаты, елдегі ірі бизнесмендердің бірі болған Евгений Щербань мен оның әйелін 1996 жылы Донецк қаласының әуежайында атып өлтіріп кеткен еді.

Бас прокуратура Щербаньның өліміне Лазаренко мен Тимошенконың қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру бастайтынын былтыр сәуірде мәлімдеген еді. Тимошенко да, Лазаренко да Щербаньның қазасына өздерінің қатысы жоқ екендігін айтып отыр. Тимошенконың серіктері ол айыптауды оппозиция жетекшісіне қарсы кезекті саяси тапсырыс деп санайды.

2011 жылы қазанда «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған Юлия Тимошенко қазір Харьков ауруханасында «омыртқасында жарық (грыжа) бар» деген диагнозбен емдеуде жатыр.

Түрмеде отырған кезде Тимошенконың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалды: тергеу орындары оған 1990-шы жылдардың екінші жартысында "Украинаның бірыңғай энергетикалық жүйелері" корпорациясын басқарған кезде қаржылай айла-шарғы жасаған деген айып тақты.
XS
SM
MD
LG