Accessibility links

Қазақстанның ғарыштық проблемалары


Байқоңырдағы ұшу алаңына апара жатқан "Союз ТМА-05М" ғарыш кемесі. 12 шілде 2012 жыл.
Байқоңырдағы ұшу алаңына апара жатқан "Союз ТМА-05М" ғарыш кемесі. 12 шілде 2012 жыл.

Әлемдегі ең көп пайдаланылатын ғарыш айлағы бар Қазақстанның космостық державаға айналуына ракеталық технологиясының жоқтығы кедергі болып отыр.

Адамзат тарихындағы тұңғыш ғарыш айлағы – Байқоңыр космодромы Қазақстанда орналасқан.

Қазақстан билігі совет заманынан қалған-құтқан технология мен Ресейге тәуелсіз, жоғары технологияны дамытуға көмектесетін ғарыштық инфрақұрылым жасауға тырысып жатыр. Бұл салада бірқатар қадамдар жасалғанымен, бастамалардың көпшілігі қаржы немесе техникалық қиындықтарға тіреледі.

«БӘЙТЕРЕК» ЖОБАСЫ

2004 жылы Ресей мен Қазақстан президенттері Байқоңырда «Бәйтерек» деп аталатын жаңа старт кешенін тұрғызу туралы келісті. Қазақстан жобаны қаржыландыруды өз міндетіне алды. Жобаның бастапқы бағасы 223 миллион доллар деп белгіленгені хабарланды. Ресей жағы Байқоңырды жалға алу келісімі бойынша Қазақстанға жыл сайын аударылатын қаражат есебінен жұмыстарды бастай беруді ұсынды. Кешен құрылысы 2010 жылға қарай аяқталады деп жоспарланды.

Жобаны іске асырумен айналысатын «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының ресми сайтында жазылғандай, «старт кешені «Ангара-5 зымыран-тасығышын техникалық кешеннен қабылдау, орнату, жанар-жағармай құю, ұшыруға арналған».
"Союз TMA-08M" ғарыш кемесі ұшып барады. Байқоңыр, 29 наурыз 2013 жыл.
"Союз TMA-08M" ғарыш кемесі ұшып барады. Байқоңыр, 29 наурыз 2013 жыл.

«Ангара-5» Байқоңырдан жиі ұшырылатын «Протонға» қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз екені айтылды.

Бірақ жобаны қаржыландыру сол күйі басталмады. Ресейдің «Известия» газеті 2012 жылдың аяғында «Роскосмос» агенттігіндегі дереккөзге сілтеме жасап, «Бәйтерек» жобасының жүзеге асуы қазір мүмкін емес» деп жазды.

«Известия» газетінде ғарыш тақырыбына жазатын ресейлік журналист Иван Чеберко «Ангара» зымыран тасығышына арналған ұшыру қондырғысын құру үшін Ресей сұраған 1,6 миллиард доллар қазақстандық әріптестерді абыржытып тастаған тәрізді деген пікірде.

– Менің түсінуімше, «Бәйтерек» кешенінің құрылысы әлі басталған жоқ. Егер Қазақстан қаласа, бұл ақшаны бөлер еді. Оның үстіне Ресей Байқоңырды жалдағаны үшін жыл сайын төлейтін 115 миллион долларды осы «Бәйтеректі» салуға жұмсауды ұсынды. Алайда зымыран тасығыштар нарығы қазір тоқырау кезеңіне тап болғандықтан және жобаның өзін өзі ақтайтынына, оның таяу болашақта табыс әкеле қоятынына толық сенімі жоқ Қазақстан мұндай қомақты қаржы құюға әлі дайын емес сияқты, – деді Иван Чеберко Азаттық тілшісіне.

ӨГЕЙ СПУТНИКТЕР

«Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі сәуірдің 10-ында, Космонавтика күні қарсаңында үшінші қазақстандық спутникті (шын мәнінде, жұмыс істеуге қабілетті екінші спутник) ұшыру 2013 жылдың аяғына жоспарланды деп хабарлады.

Қазақстан жаңалықтары оны «тұңғыш қазақстандық жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) спутнигі» деп хабарлағанымен, «ҚазСат» ұлттық спутниктік бағдарламасымен ешбір байланыстырмайды. Осы бағдарлама бойынша бұған дейін екі спутник ұшырылды: 2006 жылы ұшырылған, қызмет ету мерзімі 10 жылға жарамды делінген «ҚазСат-1» екі жылдан кейін істен шығып қалды. Ал 2011 жыл ұшырылған «ҚазСат-2» спутнигі қазір бірқалыпты жұмыс істеп тұр.
«КазСат-1» спутнигі ұшар алдында діни жоралғы жасап тұрған православ шіркеуінің өкілі. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл.
«КазСат-1» спутнигі ұшар алдында діни жоралғы жасап тұрған православ шіркеуінің өкілі. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл.

«ҚазСат» тобындағы спутниктерді құрастырумен бұл салада жеткілікті тәжірибесі жоқ ұйымдардың айналысқаны туралы мәселе талай талқыланды. Қазақстаннан бұл іспен Ұлттық инновациялық қор, ал Ресей жағынан Хруничев атындағы орталық шұғылданды. «ҚазСат-1» де, «ҚазСат-2» де Байқоңырдан ұшырылды.

Жаңалықтарда үшінші спутникті құрастырушы туралы ешқандай ақпарат берілмейді. Бірақ ол 2013 жылдың төртінші тоқсанында француздардың Латын Америкасында орналасқан Куру ғарыш айлағынан ұшырылады деп көрсетілген.

«Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев журналистерге мұның себебін былай түсіндірді:

- Оның француздар бөліскісі келмейтін әлдебір құпиясы бар. Сондықтан бұл спутник Куру космодромынан «Ариан-5» зымыран тасығышынан ұшырылатын болды. Бұдан басқа себебі жоқ.

ТЕХНОЛОГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ

Француз мамандарының технологияларын Қазақстанмен бөліскісі келмейтіні осы үшінші спутникке қатысты ғана байқалып қойған жоқ.

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мен Францияның Astrium компаниясы Қазақстан аумағында спутниктерге арналған құрастыру сынақ кешенін бірлесіп тұрғызу туралы келісімге отырғаны мәлім.

Алайда, ресейлік журналист Иван Чеберконың айтуынша, технологиялардың бір бөлігі Қазақстанға әлі күнге дейін өткізілмегендіктен, кешен пайдаланылмай текке тұр.

Француз компаниясының сайтында «Қазақстан өз ұлттық ғарыш бағдарламасын жасау үшін Astrium компаниясын стратегиялық әріптес ретінде таңдады» және «әріптестік туралы келісімде жерді бақылайтын екі спутник беру міндеті қарастырылған» деп жазылған.
"Союз TMA-08M" ғарыш кемесін ұшу алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 26 наурыз 2013 жыл.
"Союз TMA-08M" ғарыш кемесін ұшу алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 26 наурыз 2013 жыл.

Азаттық тілшісіне «Қазғарыш» пен «Қазақстан ғарыш сапары» өкілдерімен кездесіп, оларға «Жаңа кешендерді құру жөніндегі бұл жобалар шынымен де іске аспай қалды ма?» және «Astrium сайтында жарияланған ақпарат Қазақстанның ғарыш саласында ұзақ жылдар бойы стратегиялық әріптесі болған Ресейді басқа елмен ауыстыру ниеті барын білдіре ме?» деген сауалдарды қоюдың сәті түспеді. Компаниялардың екеуінде де телефон тұтқасын ешкім көтермеді, ал «Қазғарыш» агенттігінің сайты мүлде ашылмайды.

Жылына орта есеппен 20 шақты зымыран ұшыратын Байқоңыр әзірше әлемдегі негізгі космодром болып қалып отыр. Ресейде жаңадан Восточный космодромы салынып жатқанын ескерсек, Байқоңыр бұл мәртебеге мәңгі ие болып қалады деп күтпеген жөн. Өзіне тиесілі ракеталық технологияларының болмауы Қазақстанның «космостық клуб» мүшелерінің қатарына қосылуына мүмкіндік бермейді. Қазіргі сәтте әлемде мұндай технологияға ие 12 ғарыштық держава бар. Алайда ол тізімде Қазақстан жоқ.
XS
SM
MD
LG