Accessibility links

Сенат зейнетақы туралы заң жобасын мақұлдады


Қазақстан парламенті сенатының сессиясы. Көрнекі сурет.
Қазақстан парламенті сенатының сессиясы. Көрнекі сурет.
"Сенат соңғы оқылымында "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заң жобасын мақұлдады" деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі. Заң жобасы президенттің қол қоюына жіберілмек. Жобаны қолдап 36 депутат дауыс берген. Төрт депутат қарсы болса, екеуі қалыс қалған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов бұған дейін заң жобасында біртұтас жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру, әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп 63 жасқа дейін ұлғайту мәселесі қамтылғанын айтқан еді.

Жобада бұдан өзге ауыр әрі зиянды жағдайда жұмыс істейтіндердің зейнетақы қорына жалақысының 5 пайызы көлемінде міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын аудару да қарастырылған.

Заң жобасында әйелдердің зейнет жасын 2014 – 2023 жылдар аралығында жыл сайын 6 айдан өсіру көзделген. Қазір ерлер зейнет демалысына 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста шығады.

14 мамырда "белсенді топтың сенатқа зейнетақы жүйесі туралы заң жобасына наразылық білдіріп, мыңдаған адамның қолы қойылған хат тапсырғаны" хабарланды. Оған дейін де әзірленіп жатқан бұл заң жобасына қарсы республиканың кейбір қалаларында бірнеше мәрте акциялар өтті.

Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі сәуір, мамыр айларында зейнетақы реформасын аймақтар тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шенеуніктер мен кездесуге келгендер арасында қызу пікірталастар болды.

Зейнетақы жүйесі реформасына қатысты ел назарын аударған соңғы оқиға қоғамдық белсенді Андрей Цукановтың сәуірдің 26-сы күні еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке жұмыртқа лақтыруы болды.
XS
SM
MD
LG