Accessibility links

Мухортованың соты түн ортасына дейін созылды


Зинаида Мухортова өзін күштеп емдеуге қатысты сот отырысында. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.
Зинаида Мухортова өзін күштеп емдеуге қатысты сот отырысында. Балқаш, 16 тамыз 2013 жыл.

19 тамызда Балқаш қаласында адвокат, психиатрлық диспансерге мәжбүрлі түрде жатқызылған Зинаида Мухортоваға қатысты сот отырысы өтті. Диспансерде өткізілген сот кешкі сағат бесте басталып, түн жарымына дейін созылды. Үкім 20 тамыз күні кешке шығады.

Сотқа қатысқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот отырысында қалалық прокуратура өкілі "науқас Мухортованың амбулаторлық жағдайда емделуі тиіс екенін, бірақ емдеу мекемесіне келмейтінін, сондықтан оның диспансерге науқас екенін дәлелдеу үшін жатқызылғанын" айтты. Диспансердің бас дәрігері Рысбек Ысқақов та прокуратура өкілінің сөзін қайталады.

Мухортованың өкілі Амангелді Шорманбаев прокуратура әрекетін заңсыз және негізсіз деп санайды. Оның айтуына қарағанда, құқық қорғау органдары Мухортовамен қарым-қатынас жасаған кезде қарапайым нормалардың өзін сақтамаған. Оған туыстарымен, адвокатымен кездесуге, телефонмен сөйлесуге рұқсат берілмеген.

Мухортованың сөзіне қарағанда, "9 тамыз күні, полицейлер үйіне келіп, оны ұстағанда бірі аяғынан тепкен, тағы бірі басынан ұрған". Өзінің пікірінше, оны психиатрлық науқастар есебіне алуға және күштеп емдеуге негіз жоқ.

Мухортова "бұл істің парламент депутаты Ерлан Нығматуллиннің үстінен жазған арызынан кейін басталғанын" айтты. 2011 жылы Мухортова тоғыз ай психиатрлық стационарда болып, 2012 жылдың қыркүйегінде босатылған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы өткен аптада Қазақстан билігін Зинаида Мухортованы қудалауды тоқтатып, оны диспансерден дереу босатуға шақырған. Құқық қорғаушылар "Қазақстанда өзгеше ойлайтындарды күштеп психиатрлық ауруханаға жатқызып, зиянды дәрі-дәрмектер беру арқылы қасақана денсаулығынан айыратын советтік тәжірибе қайта жанданды" деп санайды.

Биыл Риддер қаласында тұратын атеист-блогшы Александр Харламов пен астаналық пастор Бақытжан Қашқымбаев та психиатрлық тексеруден мәжбүрлі түрде өткізілді.
XS
SM
MD
LG