Accessibility links

Маңғыстауда темір жолдағы апаттан бір адам мерт болды


Темір жолдағы апат салдарынан өрт болған жерде жүрген төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері. Маңғыстау облысы, 16 қараша 2013 жыл. (Сурет «Не хабар?!» тәуелсіз қоғамдық-саяси газетінен алынған)
Темір жолдағы апат салдарынан өрт болған жерде жүрген төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері. Маңғыстау облысы, 16 қараша 2013 жыл. (Сурет «Не хабар?!» тәуелсіз қоғамдық-саяси газетінен алынған)
Бүгін түс мезгілінде Ақтау қаласының іргесіндегі Баянды және Маңғыстау кенті арасынан өтетін темір жолдағы апат өртке ұласып, салдарынан бір адам қаза болған. Бұл туралы Азаттық тілшісі Ақтаудан хабарлады.

Маңғыстаудағы «Емір ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шұғыла базасынан мұнай тасымалдап бара жатқан жүк автокөлігі Атырау жақтан мұнай тиелген цистерналар тіркеп келе жатқан тепловозбен соқтығысқан.

Апат салдарынан тепловоз машинисінің көмекшісі – 23 жастағы жігіт оқиға болған жерде қаза тапқан.

– Барлығы 14 цистерна өртенді. Денесінің 30 пайызын күйік шалған 33 жастағы тепловоз машинисі облыстық ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға себепкер болған 52 жастағы «Емір ойл» кәсіпорнының жүргізушісі қамауға алынды, оған қатысты тергеу жүргізілетін болады, – деп хабарлады Азаттыққа Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сергей Олжабаев.

Ол апат болған жердегі өрттің толықтай сөндірілгенін айтты.

Апат болған темір жол өткелі Маңғыстауды Қазақстанның басқа қалаларымен байланыстыратын жалғыз жол бойында болғандықтан, батыстағы бағыттарға қатынайтын поездар кестедегі уақыттан бірнеше сағатқа кешікті. Маңғыстау теміржолы бөлімшесінің бастығы Қали Сақиповтың айтуынша, Ақтөбе поезы – 4 сағатқа, Атырау поезы – 3 сағатқа кешігеді.

– Қазір қауырт жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Басқа Алматы, Астана бағыттарына қатынайтын поездар өртке дейінгі жерден тоқтатылып кері қайтарылып жатыр, - деді ол Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG