Accessibility links

Оппозициялық БАҚ үшін хабар дайындайтын орталық тінтілді


Тамара Калеева, "Әділ сөз" қорының президенті (сол жақта) және Георгий Архангельский, "Ракурс" продюсерлік орталығының директоры. Алматы, 6 желтоқсан 2013 жыл
Тамара Калеева, "Әділ сөз" қорының президенті (сол жақта) және Георгий Архангельский, "Ракурс" продюсерлік орталығының директоры. Алматы, 6 желтоқсан 2013 жыл

«16/12» арнасына бейне репортаждар әзірлеп келген «Ракурс» продюсерлік орталығы кеңсесін қаржы полициясы тінтіп, мүлкін тәркілеп әкетті деп хабарлады.

Оппозициялық «16/12» ақпараттық арнасы үшін хабар дайындайтын «Ракурс» атты продюсерлік орталық желтоқсанның 6-сы күні жұмысының тоқтап қалғанын хабарлады. Бұған қаржы полициясының орталықтың Алматыдағы кеңсесінде жүргізген тінтуі мен тәркілеуі себеп болған.

- Желтоқсанның 5-і күні кешкі 18.00 шамасында кеңесмізге жиырма шақты адам баса көктеп кірді. Олардың бұл әрекетіне біздің бұрынғы қызметкеріміз Азамат Есбергеннің арызы негіз болған көрінеді. Екі ай бұрын жұмыстан шығып кеткен Азаматтың арызында ««Ракурс» Мұхтар Әблязовтың қаржысына жұмыс істеп жатыр» деп жазылған-мыс. Бірақ бұл арызбен бізді таныстырмады, тек шетін ғана көрсетті, - деді «Ракурс» орталығының жетекшісі Георгий Архангельский.

ТІНТУ МЕН ТӘРКІЛЕУ

«Ракурс» қызметкерлерінің сөзінше, 3-4 сағатқа созылған тінтуден кейін қаржы полициясының қызметкерлері орталықтың техникасын тәркілеп алып кеткен. Олардың ішінде 2 бейнекамера, 15-ке жуық қатты диск, 4 жүйелі блок, 10-ға жуық ноутбук пен сейфт болуы мүмкін. Орталық өкілдері ешқандай тізімдеу мен хаттама толтырудың жасалмағанын айтып шағынады.

Оппозициялық "Голос республики" басылымының журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл
Оппозициялық "Голос республики" басылымының журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл

- Тінту менің кабинетімнен басталды. Мені таңқалдырғаны, қаржы полициясының қызметкері менің компютеріме отыра салысымен бірнеше секундта бұрын соңғы мен көрмеген бір файлды ашты. Оның ішінде танымал адамдардың аты-жөні жазылған және жанында көптеген сандар көрсетілген таблица болды. Бұл файлды менің ноутбугыма біреулер тастауы мүмкін. Олай дейтінім, өткен жұмадан сенбіге қараған түні біздің кеңсеміздегі 4 компьютер істен шығып қалған еді. Қызмет көрсету орталығында «USB флешка салатын жерге өте қатты күш түскендігін» айтты. Содан кейін ноутбугымды барлық бағдарламаларды қайта орнату үшін біздің техникалық маманға бердім. Осылайша ноутбук екі-үш күн көптің көз алдында тұрды. Осы кезде біздің кеңсеге бөтен біреулер кіріп, бөтен файлдарды салып кетуі әбден мүмкін, - деді Архангельский.

«ӘБЛЯЗОФОБИЯ»

Георгий Архангельскийдің сөзінше, биылғы жылдың мамыр айында құрылған «Ракурс» продюсерлік орталығының оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовқа қатысы жоқ.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.


- Біз Мәскеулік «Московская правда» газеті құрылтайшысы болып табылатын «Студия на Покровке» компаниясымен арада келісім-шарт жасап, оларға бейнерепортаждар дайындайтын болып келіскенбіз. Біздің жұмысымыздың ақшасы банк арқылы, ресейлік рубль мен доллармен түсіп келді. Шоттарымыз ашық, ешқандай құпия болған емес. Ол ақшаның Әблязовтікі екенін кім, қайдан шығарып жүргені белгісіз. Бүгінде біздің билік «Әблязофобияға» шалдыққаны сонша, барлық ақша Әблязовтікі секілді болып көрінеді көздеріне. Екіншіден, бұл тінту – Жаңаөзен оқиғасының қарсаңында осылайша ақпараттық кеңістікті тазартудың амалы, - дейді Архангельский.

Бірақ «Ракурстың» жетекшісі продюсерлік орталықтың YouTube желісі арқылы тарайтын оппозициялық «16/12» ақпараттық арнасына да бейнематериалдар әзірлеп келгендерін айта кетті. 2012-2013 жылдары K+ телеарнасы мен «Республика» газеті бастаған 28 БАҚ сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылып, жабылып қалған болатын. Қазақстан билігі бұл ақпарат құралдарын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынаушы, оппозициялық олигарх, қазір Францияда уақытша қамауда отырған Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп сипаттап келген. Аталған 28 БАҚ жабылған соң осы ұжымда жұмыс істеген бірқатар журналистер бірнеше жекеменшік шағын студиялар аша бастады. Олардың ішінде «16/12» ақпараттық арнасы да бар.

Елдегі сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева, қаржы полициясының бұл әрекеттерін «тәуелсіз басылымдарға жасалып жатқан қысымның жалғасы» деп біледі.

- Билікте түсініксіз қорқыныш бар. Басында Әкежан Қажыгелдин (бұрынғы премьер-министр – ред.), Рахат Әлиевтен (президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы – ред.) қауіптенді. Енді міне Мұхтар Әблязовтан сонша қорқып, не істеп, не қоярын білмейді, - дейді ол.

Бұл іске қатысты, Қаржы полициясы мен арызды түсірген журналист Азамат Есбергеннен қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG