Accessibility links

Ходорковский Берлинде отбасымен кездесті


Он жыл түрмеде отырып шыққан Михаил Ходорковский (ортада) әкесі Борис және анасы Маринамен (сол жақта) қайта кездесті. Берлин, 21 желтоқсан 2013 жыл. Видеотаспадан скриншот.
Он жыл түрмеде отырып шыққан Михаил Ходорковский (ортада) әкесі Борис және анасы Маринамен (сол жақта) қайта кездесті. Берлин, 21 желтоқсан 2013 жыл. Видеотаспадан скриншот.
Ресей түрмесінен шыққан бұрынғы олигарх Михаил Ходорковский сенбі күні Берлинде ата-анасы және үлкен ұлымен 10 жылдан соң алғаш рет қайта қауышты. Павел Ходорковский әкесін көруге Германияға АҚШ-тан, ал Марина және Борис Ходорковскийлер баласымен жүздесуге – Ресейден ұшып келді.

Михаил Ходорковский желтоқсанның 22-і күні Астана уақытымен сағат 18.00-де, «қырғи-қабақ соғысы» кезінде Берлинді екіге бөліп тұрған әйгілі «Берлин қабырғасы» орнындағы музейде БАҚ өкілдеріне алғашқы баспасөз мәслихатын өткізетіні хабарланды.

Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншер Ресей билігімен тұтқын Ходорковскийдің тағдырына қатысты екі жарым жыл жасырын келіссөздер жүргізген. Бұл туралы келіссөздерде Геншерге консультант болған, Германия-Ресей форумының директоры, саясаттанушы Александар Рар айтты деп хабарлады баспасөз құралдары.

Рардың сөзінше, келіссөздер өткен уақыт ішінде Геншер Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен және өзге де лауазымды тұлғалармен екі рет кездескен. Путиннен басқалары кімдер екенін атамаған Рар тек Путиннің рақымшылық туралы шешім қабылдауына Ходорковскийдің анасының науқас екені «гуманитарлық себеп» болғанын айтқан.

Сенбі күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ходорковский қалаған уақытында Ресейге келе алатыны туралы мәлімдеген. Сол күні Берлиндегі «Адлон» қонақүйінде Ходорковскиймен кездесіп шыққан Германия парламентінің депутаты Марилуизе Бек журналистерге «Ресейге оралу мәселесі күн тәртібінде жоқ» екенін айтқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей президенті Владимир Путиннің Ходорковскийге рақымшылық жасау туралы шешімін құптады.

Жұма күні Карелия өлкесіндегі түрмеден босап шыққан Ходорковский Берлинге келіп, Бранденбург қақпасы жанындағы «Адлон» қонақүйіне түскен еді. Бостандыққа шыққан соң жасаған алғашқы мәлімдемесінде ол «отбасылық жағдайға байланысты» рақымшылық жасау туралы президент Путинге қарашаның 12-і күні өтініш бергенін, бірақ онда «айыбын мойындау туралы мәселе болмағанын» айтқан.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары барын мәлімдеп келген. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.
XS
SM
MD
LG