ТОПОНОМИКАЛЫҚ МАНИФЕСТАЦИЯ
Совет одағының негізін құрған Владимир Ильич Ленин осыдан 90 жыл бұрын қайтыс болғанымен, оның идеологиясы мемлекеттік деңгейде шамамен тағы 70 жылдай өмір сүрді. Ленин бейнесі қазіргі Қазақстанда да сақталған.
Ленин бейнесіне табыну қалаішілік топономияда басталды. 1919 жылдың наурызында Алматыдағы генерал Колпаковский атындағы даңғыл Ленин даңғылы деп өзгертілді. Қалада большевиктер өзгерткен алғашқы атау осы болса керек.
1991 жылдан кейін қаладағы совет заманын еске түсіретін көптеген атауларды біртіндеп өзгерте бастады. 1995 жылы Ленин даңғылы Достық даңғылы деген жаңа атауға ие болды. Бірақ аузы үйреніп қалған қалалықтар кейде даңғылды бұрынғы атауымен атап жатады.
Алайда Ленин көшесі Қазақстанның оңтүстік астанасы картасынан қазір де табылады. Қаланың батыс бөлігіндегі шеткері көшелердің бірі Лениннің атында. Бұл аудан қала аумағына жуырда ғана қосылған. Анықтамалық деректерге сәйкес, шекарасы кеңіген Алматы аумағына жақында енген «Әйгерім», «Достық», Әлмерек және Киров кенттерінде Лениннің тағы үш көшесі бар.
Алматы қаласының ең үлкен концерт залы Достық даңғылында орналасқан. Лениннің туғанына жүз жыл толуына орай (1970 жылдың сәуірі) ашылып, Лениннің есімімен аталды. Кейін постсоветтік кезеңде Республика сарайы деп өзгертілді.
Социалистік Алматы картасында Лениннің құрметіне аталған басқа да көшелер бар. 1927 жылы қаланың тарихи орталығындағы көшелердің бірі (Пушкин көшесінің шығысында) Ильич атындағы көше болып өзгерді. Бұрын бұл көшенің 9-шы көше, генерал Колпаковский атындағы көше, Мариинская көшесі деген атаулары болған. Кезінде совет топономикасында «Ильич» атауы кең тараған болатын. Лениннің әкесінің есімінен шыққан бұл топоним халық «біздің Ильич» деп көсем бейнесін жақын тұтуы тиіс деген мақсатты көздейді. Советтік дәуірден кейінгі кезеңде Алматыдағы Ильич көшесі геолог-ғалым Шахмардан Ахметовтің құрметіне өзгертілді.
Ильич атындағы көше Алматының құрамына жуырда ғана кірген Қалқаман-2 ықшам ауданында да болған. Қазір ол көше қазақтың көрнекті батыры Байзақтың есімімен аталады.
Қаладағы бірнеше көшенің Ленин есіміне жанама қатысы бар. Мысалы, совет заманында Алматы картасында Ленинабадская, Ленинградская, Лениногорская, Ульяновская деген көшелер болған. Бәрінің аты Лениннің құрметіне аталған қалалардың атауынан шыққан. Ленинградская көшесі 1990 жылдары Гете көшесіне айналды. Ал қалған көшелер бұрынғы атауларын сақтап қалды. Бірақ Ленинабад пен Лениногорск қалалары баяғыда Ходжанд және Риддер болып өзгеріп, бұрынғы атауларын қайта алған қалалар.
Алматыда 1957 жылдың желтоқсанынан бері Ленинская смена деген көше болған. Совет заманында комсомол жастарды «Ленинская смена – Лениннің ізбасарлары» деп атайтын.
Лениннің есімі жасырын қастерленетін көше атаулары әлі бар. Ол – Шушенская көшесі. Қиырдағы Красноярск өлкесіндегі Шушенское селосы 1897-1900 жылдары Ленин саяси айдауда болған жер ретінде даңққа бөленген. Шушенская көшесі Алматының 1995 жылға дейін Ленин ауданы деп аталған, қазіргі Жетісу ауданында орналасқан. Советтік Алматыдағы қала аудандарының атаулары да үгіт-насихат міндетін атқарған. Қазақстан астанасының территориясы бірінші рет ауданға бөлінген кезде аудандарды көсемдер (Ленин, Сталин) мен алматылықтардың әйгілі жерлесі, большевик әрі әскери қолбасшының (Фрунзе) құрметіне атаған.
1957 жылдың қарашасынан бастап қалада Ленин атындағы алаң пайда болды. Жаңа салынған үкімет үйінің алдындағы алаң бұрын осылай аталған. Қазір оны «Астана алаңы» дейді. Бір қызығы, осы алаңның қарсы бетінде Ленинге ескерткіш қойылғанға дейін алаңның саясатқа да, идеологияға қатысы жоқ «Гүлдер алаңы» деген қарапайым атауы болған.
ТАС ПЕН ҚОЛА МҮСІНДЕР
1917 жылдың қазан айында билікке келген большевиктер монументальды үгіт-насихаттың маңызына ден қойды. Алматы қаласында Лениннің нақты қанша мүсіні болғанын дәл айту қиын. Сақталғандарынан бесеуі белгілі.
Ең маңыздысы – 1957 жылдың 6 қарашасында үкімет үйінің қарсы бетінде салтанатты түрде ашылған қоладан құйылған ескерткіш. Оның авторы - белгілі мәскеулік мүсінші Евгений Вучетич. Ол кезде жұрт оны Берлиндегі Трептов-паркіндегі «Азат етуші жауынгер» ескерткішінің авторы ретінде танитын. Бірақ оның шығармашылығынан Ленин мен Сталин тақырыбына да орын табылды.
1990 жылдардың басында Лениннің ескерткішін Ескі алаң жанындағы гүлзардан алып, «Сарыарқа» кинотеатры артындағы бақтың бір бұрышында жиналған мүсіндердің жанына апарып тастады. Лениннің қола ескерткішіне Калининнің граниттен соғылған және Фрунзенің қоладан құйылған ескерткіші мен басқа қайраткерлердің ескерткіштер де қосылды. 2011 жылдың желтоқсанында Лениннің қола ескерткіші мен Калининнің гранит ескерткішін қорғауға алынған ескерткіштер тізімінен алып тастады.
Шеткері аудан болғандықтан, Алматы-1 темір жол вокзалы маңындағы темір жолшылардың бұрынғы мәдениет үйінің жанындағы гүлзарда әлі күнге дейін тұрған Лениннің тағы бір ескерткішін Алматы тұрғындарының көбі білмейді. 2011 жылы бұл ескерткіш те мемлекет қорғауындағы ескерткіш деген мәртебесінен айырылды.
Алматы-1 вокзалы жанындағы гүлзарда тұрған Ленин ескерткіші – 1940 жылы Мәскеудегі марксизм-ленинизм институты ғимараты алдына орнатылған монументтің көшірмесі. Түпнұсқа мүсіннің авторы – совет мүсін өнері ақсақалдарының бірі Сергей Меркуров. Қазіргі Тверь алаңына көшірілген ескерткіш граниттен, ал оның алматылық көшірмесі белгісіз бір металдан жасалған. Алматыдағы көшірме мүсін Меркуров қайтыс болғаннан кейін 29 жылдан соң - 1981 жылы орнатылды. Кезінде Меркуровтің қолынан шыққан ескерткіштің көшірмелері бұрынғы СССР-дағы ондаған елдімекенге орнатылған.
Алматыда күні бүгінге дейін кем дегенде Лениннің үш ескерткіші сақталғаны анықталды. Бұл жайындағы дерек Ленин ескерткіштеріне арналған ресейлік сайтта жарияланған. Екі санаторий аумағында Ильич ескерткіштерінің көшірмесі әлі де бар болуы мүмкін. Сайтта екеуінің де фотосуреттері бар. Ленин мүсінінің қаланың батыс шетіндегі қираған дуалдың аясында түсірілген фотосы да бар.
Маркстік-лениндік идеология мен СССР күйрегенімен, келмеске кеткен дәуірдің идеялық көсемін қастерлеу жұрнақтары әлі де жоғалмағанын байқауға болады. Ленин атындағы кейбір көшелердің атаулары мен оның құрметіне қойылған ескерткіштер Алматы картасында әлі бар.
Азаттық тілшісі бүгінгі мектеп шәкірттерінен Ленин жайлы сұрады: