Accessibility links

Янукович пен оппозиция кездесуі нәтижесіз аяқталды


Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта ортада) оппозиция жетекшілерімен кездесуде. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақта ортада) оппозиция жетекшілерімен кездесуде. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.
Украина оппозициясының жетекшілері 22 қаңтарда елді дағдарыстан шығару туралы президент Виктор Януковичпен өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталғанын мәлімдеді. Кездесуге оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко, "Свобода" партиясының жетекшісі Олег Тягнибок және "Батькивщина" партиясы жетекшісі Арсений Яценюк қатысқан.

Оппозиция жетекшілері Януковичтен Киевтегі қақтығыстардың одан ары шиеленісуін тоқтату үшін 24 сағат ішінде елде мерзімінен бұрын президент сайлауын жариялауды талап етті.

22 қаңтарда Киевте демонстранттардың милициямен қақтығысы кезінде шерушілерден екі адам қаза тапқаны хабарланды. Мұның алдында белгісіз адамдар ұрлап әкеткен белсендінің денесі мәйітханадан табылды.

Президент аппаратының өкілдері Киевте өткен кездесуді "келіссөздердің алғашқы қадамы" деп атады. Оппозиция жетекшілері халықты Киевтегі Тәуелсіздік алаңын милицияның басып алуына жол бермей, ұстап тұруға шақырды.

Виталий Кличко бүгін украиндықтарды бүкілхалықтық ереуілге шығуға үндеді.

Оппозиция жетекшілері алдағы уақытта президент Януковичпен тағы кездеседі деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG