Accessibility links

БҰҰ ҚК Ресейдің талабын қолдамады


БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркин. Нью-Йорк, 2 мамыр 2014 жыл.
БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркин. Нью-Йорк, 2 мамыр 2014 жыл.
Ресейдің ұсынысы бойынша жұма күні өткен төтенше отырыста Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесі Украина билігінің елдің шығысындағы елді мекендерде тәртіп орнатуға бағытталған іс-әрекетін айыптау туралы Мәскеудің талабын қолдаған жоқ.

«Ресейдің наразылығы ешкімді сендіре алмайды» деді Ұлыбритания өкілі Лайл Грант Украина билігінің іс-қимылын «жазалаушы операция» деп атаған Кремльдің мәлімдемесін меңзеп. Славянскіде Украинаның үш тікұшағын жойған оқиғаға қатысты британ дипломаты: «Бұл бейбіт белсенділердің ісі деп отырған Ресейдің сөзі сын көтермейді. Бейбіт белсенділер тікұшақты атып құлатпайды. Олардың қолында зениттік зымыран қаруының болуы бұл оқиғаға Ресейдің қатысы барын білдіреді» деді.

БҰҰ-дағы Францияның тұрақты өкілі Жерар Аро Украина үкіметінің сабырлық танытуына оң баға беріп, ресейлік әріптесі Виталий Чуркиннің «Украина күштері қатарында ағылшын тілінде сөйлеген әскерилер болғанын дәлелдейтін радиобайланыс деректері» жайлы айтқанын «күлкілі» деп атады.

«Ресей Украинаға баскесерлер бандасын айдап салып, Киевке не капитуляцияны, не елді бөлшектеуді таңдау туралы ұсыныс жасап отыр» деп мәлімдеді Аро.

БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Саманта Пауэр Киевтің ірі көлемдегі операция жүргізіп жатқаны туралы Кремльден тараған ақпаратты «жалған хабар» деп атады.

«Мұндай межелі акцияларды өз территориясының егемендігін қалпына келтіру үшін кез келген мемлекет жасайды. Украинадағы тұрақсыздықтың ушығуына Ресейдің мазасыздануы – арсыз әрі шынайы емес әрекет, өйткені бұл тұрақсыздыққа тікелей себеп болып отырған Ресейдің өзі» деді Пауэр.
XS
SM
MD
LG