Қазақстан ұлттық банкі 1 тамызда "теңге құнсыздануы мүмкін" деген ақпардың негізсіз екенін мәлімдеп, кейбір валюта айырбастау пунктерінің валюта сатуды тоқтатуын "орынсыз" деп атады. Ұлттық банктің хабарлауынша, аймақтық филиалдарында азаматтардың айырбастау пунктерінің жұмысында болған заң бұзушылықтар жайлы хабарлайтын шұғыл телефон желілері ашылған.
Азаттықтың Астанадағы тілшісі бүгін қаладағы Республика даңғылы бойында орналасқан бірнеше валюта айырбастау пунктерінде доллар мен еуро жоғын байқады. Айырбастау пунктерінің бірі - "Bailyk Finance"-тың сатушысы Айгүл Әшірованың сөзіне қарағанда, доллар мен еуроға сұраныс 31 шілде күні түстен бастап артқан.
- Кеше түстен бастап тұрғындардан еуро мен долларға деген сұраныс артты. Әуелде мұның себебін түсінбегенбіз. Сөйтсек, интернетте Қазақстанда девальвация болуы мүмкін деген ақпарат тарапған екен. Жұрт содан дүрліккен сияқты. Бірақ доллардың бағамы көтерілген жоқ, біздегі бүгінгі бағам бойынша сатып алу - 182,8 теңге, сату - 184,8 теңгені құрайды, - дейді Айгүл Әшірова.
Оның сөзінше, пункт қазір банктерге доллар сатып алуға тапсырыс берген. Әзірге жауап жоқ.
Астанадағы басқа айырбас пунктерінде де доллардың бағамы бірдей.
Ұлттық банк бүгін алтын валюта қоры шілде айында 500 миллион АҚШ долларына артқанын, таңертең Қазақстан қор биржасындағы теңгенің долларға шаққандағы бағамы нығайып, 1 АҚШ доллары 182,08 теңге болғанын хабарлады.