Жексенбі күні Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары алғашқы алтын жүлдеге ие болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Дзюдо күресінен 55 келі салмақта өткен финалдық белдесуде қазақстандық Бауыржан Жауынтаев әзербайжандық балуан Натиг Гурбанлиді жеңіп, жасөспірімдер арасындағы олимпиада чемпионы атанды.
Рейтингіне байланысты бұл жарысты бірден жартылай финалдан бастаған 17 жастағы Бауыржан Жауынтаев бүгін бұның алдындағы белдесуде түркиялық Огузан Караканы ұтып финалға шыққан еді.
Сенбі күні басталған Нанкиндегі ІІ жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстаннан 51 спортшы қатысып жатыр. Олар 17 спорт түрінен сайысқа түседі. Нанкиндегі ойындар 28 тамызға дейін жалғасады.