Сирия құқық қорғаушылары "үкімет авиациясының "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының Ракка қаласындағы позицияларына әуеден соққы бергенін" хабарлады. Бұл қала Сирияның солтүстік-шығысында орналасқан.
Әуе шабуылынан кем дегенде 25 адам - содырлар мен бейбіт тұрғындар қаза тапқан. Бұл туралы Ұлыбританияда орналасқан Сирия адам құқықтары орталығы 6 қыркүйек күні хабарлады.
SANA мемлекеттік ақпарат агенттігі Ракка қаласында экстремистерге қарсы әскери операция өтіп жатқанын растады. Агенттіктің ақпаратына қарағанда, әуе шабуылы кезінде "Ислам мемлекеті" ұйымының оқ-дәрі қоры мен қару-жарақтары жойылған.
"Ислам мемлекеті" ұйымы кейінгі айларда Сирияның солтүстігі мен Ирактың батыс және солтүстік аймақтарында белсенді ұрыс жүргізіп жатыр.