Accessibility links

Ауғанстанда билік бөлісу туралы келісім жасалды


Ауғанстан президенті Хамид Қарзай (ортада), бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла (оң жақта) және бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани (сол жақта) тәуелсіздік күні өткен шарада. Кабул, 19 тамыз 2014 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Қарзай (ортада), бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла (оң жақта) және бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани (сол жақта) тәуелсіздік күні өткен шарада. Кабул, 19 тамыз 2014 жыл.

Ауғанстанда президент сайлауының екінші кезеңінде бәсекелес болған елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани ұлттық ынтымақтастық үкіметін құру және билікті бөлісу туралы келісімге қол қойды.

Ауған мемлекеттік телеарнасынан тікелей толқында көрсетілген Кабулдағы президент сарайында өткен қол қою рәсіміне қызмет өкілеті биыл аяқталған Ауғанстан президенті Хамид Қарзай да қатысты. Қол қою рәсімінен соң Абдулла мен Ғани құшақтасып, Қарзай елдің «бейбітшілігі мен гүлденуі» үшін ынтымақтастық танытқан екеуін құттықтады.

Келісімге сәйкес, Ашраф Ғани президент қызметін атқарады, Абдулла Абдулла үкіметке жетекшілік жасайтын болады. Бұған дейін Ауғанстанда президент атқарушы билікті өзі басқарып келген еді.

Ауғанстандағы даулы президент сайлауының түпкілікті нәтижесі де бүгін жариялануы тиіс. Бұл сайлаудың нәтижесі 14 маусым күні бір рет жарияланған болатын. Ол жолы Ашраф Ғанидің жеңгені айтылған. Бірақ Абдулла Абдулла «сайлау нәтижесі бұрмаланды, негізі мен жеңдім» деген дау шығарып, сайлау бюллетеньдері қайта саналатын болған. БҰҰ бақылауымен жақында дауыстар қайта саналып біткен еді.

Ауғанстанның қазіргі президентінің баспасөз хатшысы Аймал Фаизи жаңадан мемлекет басшысы болып сайланған Ашраф Ғанидің ант беру рәсімі келесі аптада болатынын айтты.

XS
SM
MD
LG