Accessibility links

Ресей этникалық азшылықтарын БҰҰ-ға жібермеді


БҰҰ конференциясына бара алмай қалған Қырым татарлары белсендісі Надир Бекиров "төлқұжатымды маска киген адамдар тартып алды" дейді. Сурет 2013 жылы түсірілген.
БҰҰ конференциясына бара алмай қалған Қырым татарлары белсендісі Надир Бекиров "төлқұжатымды маска киген адамдар тартып алды" дейді. Сурет 2013 жылы түсірілген.

Ресейдегі этникалық азшылық өкілдері осы аптада Нью-Йоркте өткен БҰҰ конференциясына баруға Кремльдің кедергі жасағанын айтады.

Олардың біразы әуежайға бара жатқанда қысым көріп, тіпті шабуылға ұшыраған. Кейбірі «ресейлік шекарашылар төлқұжатымызды бүлдірді» дейді.

«ҚҰЖАТ ТАРТЫП АЛУ»

Бірқатар ресейлік этникалық азшылық өкілдері қыркүйектің 22-сі күні Нью-Йоркте басталған БҰҰ-ның байырғы халықтар мәселелері жөніндегі конференциясына аттанған.

Конференцияның бес делегаты күтпеген кедергіге ұшырағандарын мәлімдеді. Оларға шекарашылар тосқауыл жасаған.

Мәселен, Қырым татарларының белсендісі Надир Бекировке Симферопольден Джанкойға бара жатқан жерінен бетперде киген бір топ адам шабуыл жасаған. Қыркүйектің 18-і күні белгісіз топ ол отырған таксиді тоқтатып, өзін көліктен сүйреп шығарып, төлқұжатын тартып алған.

Байырғы халықтарды зерттеу мен қолдау жөніндегі халықаралық қордың директоры Бекиров Джанкойдан Киевке баратын пойызға отырып, одан ары Нью-Йоркке ұшпақ болған. Бірақ төлқұжатсыз Қырымнан кете алмаған.

Гаяна Юксель.
Гаяна Юксель.

Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, тағы бір Қырым татарлары делегациясының мүшесі – Гаяна Юксельдің төлқұжатын полиция қызметкерлері Джанкойдан Киевке бара жатқан жолда тәркілеген.

Бұдан бөлек, қыркүйектің 18-і күні Ресейдің солтүстік аймақтарында тұратын саны аз байырғы халықтарға жәрдемдесу орталығының директоры Родион Суляндзиганың төлқұжатын Мәскеудегі Шереметьево әуежайының шекарашылары тәркілеген. Кейін оған офицерлер «төлқұжатта бірнеше бет жоқ» деген.

Бір күннен соң - қыркүйектің 19-ы осындай қысымға осы орталықтың өкілі Анна Найканчина да ұшырады. Оның да құжатын әуежайда шекарашылар алып қойған. Құжатты қайтарып берген кезде Найканчина бірнеше беті жыртылғанын көреді.

Кола түбегіндегі саамдар (саам – Ресейдегі байырғы халықтардың бірі) парламентінің төрайымы Валентина Совкина да түрлі кедергілерден өтіп, Нью-Йорктегі конференцияға әзер жетті.

Қыркүйектің 20-сы күні Мурманскідегі үйінен әуежайға шыққан әйел көлігінің дөңгелектері тесілгенін көреді. Дөңгелектерді жөндегенімен, жолда полиция екі мәрте тоқтатып, тергеудің астына алған.

КРЕМЛЬДІҢ ҮРЕЙІ

Совкина Facebook парақшасына құжатын тексерген болып, көлігін тінткен полиция қызметкерлерінің суретін салып қойды. Тәртіп сақшылары одан «Украинаға қару тасисың ба?» деп сұраған.

Совкина «соның бәрі - мені ұшақтан қалдыру үшін жасалған амал» дейді. Нәтижесінде ол Норвегияға ұшып, ары қарай Нью-Йоркке жеткен. Ресей билігі болған жағдайға түсініктеме бермеді.

Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев (сол жақта) пен Меджлис төрағасы Рефат Чубаров Қырымдағы адам құқықтары туралы брифинг өткізіп отыр. Киев, 10 шілде 2014 жыл.
Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев (сол жақта) пен Меджлис төрағасы Рефат Чубаров Қырымдағы адам құқықтары туралы брифинг өткізіп отыр. Киев, 10 шілде 2014 жыл.

Ресей Қырым татарларының жетекшілері Мұстафа Жемилев пен Рефат Чубаровтың конференцияға қатысуына қарсы екенін білдіріп, БҰҰ-ға ресми түрде наразылық хат жолдады.

Құқық қорғаушы және Украина депутаты Жемилев пен Қырым татарлары мәжілісінің төрағасы Чубаров - Мәскеудің түбекті қосып алғанын қатты сынаған адамдар.

Екі күндік конференцияға байырғы халықтардың мыңнан астам өкілдері мен жоғары мәртебелі шенеуніктер, сарапшылар қатысты. БАҚ хабарлауынша, Ресейден келуге тиіс 28 адамның конференцияға 23-і ғана Нью-Йоркке жете алған.

Қазандағы «Агора» құқық қорғау бірлестігінің жетекшісі Павел Чиков Азаттықтың Орыс қызметіне «Кремль байырғы халықтардың сыртқы әлеммен байланысын үзгісі келеді» дейді. Оның пікірінше, байырғы халықтардың Кремльді қатты сынаған өкілдері конференцияға бара алмай қалған.

Ол: «Украинадағы дағдарыс Кремльді «федерализация, өз мәртебесін айқындау, байырғы халықтардың құқығы» деген ұғымдарға үрке қарайтын дәрежеге жеткізді. Құқық қорғау және қауіпсіздік органдары белсенділерге қысым көрсету құралына айналды» дейді.

Ресейде 180 аз санды этникалық топ бар. Олардың саны бірнеше жүз мыңнан бір миллионға дейін деп көрсетілген.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG