АҚШ бастаған коалицияның әскери авиациясы 24 қыркүйекте Сириядағы «Ислам мемлекеті» радикалдық исламшыл ұйымының бақылауындағы мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай инфрақұрылымы нысандарына соққы берген.
Америкалық ресми тұлғалардың хабарлауынша, Сирияның шығысындағы шалғай аудандарында мұнай бұрғылайтын қондырғылармен қатар тұрған мұнай өңдеу кешендері нысанаға алынған. Операцияның мақсаты – «Ислам мемлекетінің» негізгі қаржы көзін жабу.
Батыс арнайы қызметінің бағалауы бойынша, радикалдық ұйым «жасырын заңсыз нарыққа» мұнай сатудан күніне екі миллион АҚШ долларына дейін пайда тауып отыр.
Бұл әуе операцияларында Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің әскери-әуе күштері басты рөл атқарған. Америкалық ұшақтар да әскери операцияға қатысқан.
«Бұл нысандарды жою «Ислам мемлекетінің» аймақты бақылау, аймақтағы ахуалға ықпал ету және іс-қимылдарын шектеуге әкеп соғады» делінген АҚШ орталық қолбасшылығы таратқан мәлімдемеде.