Accessibility links

Қазығұртта құрттаған құдық суын ішіп отыр


Амангелдідегі су тапшылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00
Жүктеп алу

Амангелдідегі су тапшылығы

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылында жұрт санэпидемстанция құбыр суын жарамсыз деп тыйым салғасын ескі құдық суын ішуге мәжбүр. Әкімдік мәселе биыл шешіледі дейді.

Тұрғындары ауыз су мәселесінің күйіп тұрғанын айтып Азаттыққа бірнеше мәрте шағымданған Қазығұрт ауданындағы Аманкелді ауылына тілші қыркүйекте арнайы сапар шекті. Шымкенттен 70 шақырым қашықта тұрған ауылда сексенге жуық үй бар, тұрғындар саны 700-ден асады.

Шөлейтке түскен елді мекенге арнайы коғамдық көлік қатынамайды. Жол-жөнекей көлікке мініп барған Азаттық тілшісі облыс орталығынан Аманкелдіге үш сағат жүрді. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген күре жол ойдым-ойдым. Жарты сағатқа жуықтағанда барып қарсы тараптан көлік басы қылтияды. Ал ауыл ішіндегі қара жолды май топырақ басқан.

Тілші көліктен түскенде ересектермен бірге ауыл балаларының ескі көлік дөңгелегінің камерасын есекке артып алып су тасып жүргенін көрді. «Жол азабымен қоса қара суға жарымай отырмыз» десті Азаттық тілшісіне Аманкелді тұрғындары.

Амангелді ауылының тұрғыны Күлзина әже. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Амангелді ауылының тұрғыны Күлзина әже. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.

Зейнеткер Күлзина апайдың Аманкелдіде тұрып жатқанына 50 жылдан асқан. Ол көзін ашқалы сол баяғы бір құдықтың суын ішіп келе жатқанын айтады.

- Мына құдықтағы суды санэпидемстанция жарамсыз деп тапты. Жарамаса да амал жоқ ішіп жүрміз. Ауылда іші ауыратын, іші өткен адамдар көп. Әсіресе, балалар жиі ауырады, - дейді Күлзина апай Азаттыққа.

«ҚҰРТТЫ СУДЫҢ ӨЗІ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ»

Оңтүстік Қазақстан облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы коммуналдық бөлімнің басшысы Алдан Ахметовтің Азаттыққа айтуынша, 2011 жылы Аманкелді ауылындағы ауыз су жүйесіне жоспардан тыс зертханалық тексеру жүргізілген. Алынған су сынамаларының химиялық көрсеткіштері санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні, ауыз су ретінде пайдалануға жарамсыз екені анықталған.

Алдан Ахметов Аманкелді ауыл тұрғындарының әлі күнге осыдан үш жыл бұрын жарамсыз деп табылған құдық суын ішіп отырғанын растады.

Аманкелді ауылындағы ескі құдықтан су алып жатқан тұрғындар. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Аманкелді ауылындағы ескі құдықтан су алып жатқан тұрғындар. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.

Аманкелдіде ескі құдықтан бөлек 2009 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша 2009 жылы тартылған су құбыры жүйесі де бар. Бірақ санэпидемстанция мамандары 2011 жылы құбыр суына бактериологиялық талдау жасағанда хлоридтің мөлшері шамадан үш есе артық екенін анықтаған. Сол себепті су құбырын да пайдалануға тыйым салған.

Аманкелді тұрғындары жалғыз құдықтың суы тартылып бара жатқанын, сапасы тіпті нашарлап құрт пайда болғанын айтып алаңдайды.

- Соңғы жылдары жазда да, қыста да су тартылып, жетпей қалады. Ең қиыны суда құрт пайда болды, - дейді Әубәкір Ермекбаев есімді қарт тұрғын Азаттыққа.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен ауыл тұрғындары ауыз судан бөлек талай әлеуметтік мәселелердің шешілмегенін жамырай айтысты. Медициналық жедел жәрдем қызметінің жоқтығына, жүкті әйелдерді перзентханаға жеткізудің қиындығына налығандары болды.

«МӘСЕЛЕ ҚАРАШАДА ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

Оңтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Серікбаевтың Азаттыққа айтуынша, Амангелді елді мекеніне «Таза су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2009 жылы 19,7 миллион теңге бөлініп, ауылдан 6,5 шақырым қашықтағы Мырзагелді бұлағынан су тартылған.

Аманкелді ауылында су тасып жүрген балалар. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Аманкелді ауылында су тасып жүрген балалар. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Аманкелді ауылы, 21 қыркүйек 2014 жыл.

- 2008 жылы аталған бұлаққа зерттеу жұмыстары жүргізілгенде, ішуге жарамды деп табылған болатын. Алайда 2011 жылы зерттегенде су кермек болып шыққан, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Лесбек Серікбаев Амангелдідегі ауыз су мәселесін шешу үшін биыл облыс бюджетінен 8 миллион 200 мың теңге бөлінгенін айтады. Бұл қаражатқа ауылдағы ащы суды тұщыландыратын қондырғы орнатылады.

- Мәселе қараша айының 15-20-сына дейін толық шешіледі, - деді ол.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2009-2013 жылдары «Ақбұлақ» халықты таза ауыз сумен қамту мемлекеттік бағдарламасы аясында 235 елді мекенге ауыз су тартылған. Аймақта Амангелді сияқты ауыз сусыз отырған 24 елді мекен бар. Бұл ауылдарға тұщы су жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 414 миллион теңге қарастырылған.

Әзірше Аманкелді ауылының тұрғындарының күні 90 жылдық тарихы бар ауылмен жасты жалғыз құдыққа қарап тұр. Азаттық тілшісі ауылдан кетер күні ескі құдықтан су алушылардың таңғы сағат төрттен кезекке тұрғанын көрді.

Алагеуімде құдық басында тұрған ауыл ақсақалы Тыныштық Жақыпов Азаттық тілшісіне:

- Ауылда мына ащы, тұзды судан ауру тауып жатқандар көп. Аманкелдінің бар тұрғыны ауруханаға жатып шыққан, - деді күрсініп.

XS
SM
MD
LG