Бүгін Астана қалалық сотының кассациялық алқасы Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпаш Өтемісоваға шығарылған үкімді күшінде қалдырды деп хабарлайды Tengrinews сайты.
Сотталушының адвокаты берген шағымды қараған кассациялық алқа Алматының Алмалы аудандық соты шығарған үкім мен Астананың қылмыстық істер соты апелляциялық алқасының ол үкімге қатысты 4 шілдеде шығарған шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Күлпәш Өтемісованың қамалуына ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийдің ісі түрткі болған. «Әріптесін өлтіруге тапсырыс берді» және «қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтады» деген айыппен 2013 жылы наурызда Алматы соты 12 жылға соттаған Сутягинскийдің апелляциялық шағымын қараған судья Өтемісова оның жазасын жеңілдетіп, өзін қамаудан босатып жіберген.
Кейін кассациялық сот алқасы апелляциялық алқа шешімінің күшін жойып, бастапқы үкімді қайта қалпына келтірген кезде Сутягинскийдің Қазақстанннан кетіп қалғаны белгілі болған.
2013 жылы қыркүйекте қамауға алынған Күлпәш Өтемісова биыл 5 мамырда Алмалы аудандық сотының үкімімен төрт жарым жылға түрме жазасына кесілген.