Украинадағы парламентке өткен бес партия "Петр Порошенко блогы", "Халық майданы", "Самопомощь" партиялары мен Олег Ляшконың Радикалдық партиясы және "Батькивщина" партиясы парламентте коалиция құру туралы келісімге қол қойды.
Келісім алдында бес партия өкілі тоғыз сағатқа созылған келіссөз өткізген. Келісімге алдымен төрт партия өкілі қол қойған. Келісім жобасын ұсынған "Петр Порошонко блогы" партиясы құжатқа түнге қарай қол қойды.
Келісімде сайлау заңнамаларын, энергетикалық сектор, ауыл шаруашылығы, ұлттық қауіпсіздік салаларын реформалау және Украинаның НАТО-ға мүше болуы мен елдің ешқандай блокқа қосылмайтыны туралы мәртебесін өзгерту мәселелері қарастырылған.
Бүгін, Киевте қарсылық қозғалысы - Еуромайданның басталғанына бір жыл толған күні коалициялық келісім мәтіні ресми түрде таныстырылады. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, таныстыру салтанатына бес партияның жетекшілері қатыспақ.