"Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын қайта басып шығару төзімділіктің, жоғары мәдениеттің көрінісі емес" деп мәлімдеді Қазақстан халықтары ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Башмаков бұл жайында Астанада өткен "Шарли Эбдо, мультикультурализм: Қазақстан көзқарасы" деп аталған дөңгелек үстелде айтқан.
Оның пікірінше, "сөз бостандығы мен жауапкершілік еркіндігі деген екі ұғымды шатастырмау керек".
"Редакцияға шабуыл жасау - сөзсіз қылмыс. Терактіні ақтауға болмайды. Журнал редакциясы өзінің коммерциялық мүддесін көздеді. Бірақ бұл пайғамбардың карикатурасы арқылы қорланған адамдардың сезімін аттап кетпеуі тиіс" дейді ҚХА өкілі.
Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына бетперде киген қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам қаза тапқан. Мерт болғандардың көпшілігі - журнал қызметкерлері. Шабуылға күдіктілерді ұстап, көзін жою операцияларында Парижде тағы бес адам мерт болған.
Журналға шабуылды "Әл-Қаида" ұйымының Араб түбегіндегі қанаты мойнына алып, "шабуылдаушылар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салғанына кек қайтармақ болды" деп мәлімдеген.
Қаңтардың 14-інде Charlie Hebdo журналының шабуылдан кейінгі алғашқы саны шыққан. 3 миллион тиражбен басылған журнал алты тілге аударылып, әлемнің 25 мемлекетінде сатылып жатыр. Журнал мұқабасында "Мұхаммед пайғамбардың" "Мен Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстаған бейнесі басылған. Картина "Барлығы кешірілді" деп аталған.