Accessibility links

Ауған министрлігіне үміткер Интерпол тізімінде жүр


Мохаммед Якуб Хайдаридің халықаралық іздеуде жүргені туралы Интерпол сайтынан скриншот.
Мохаммед Якуб Хайдаридің халықаралық іздеуде жүргені туралы Интерпол сайтынан скриншот.

Ауғанстан ауыл шаруашылығы министрі қызметіне ұсынылған Мохаммед Якуб Хайдаридің халықаралық іздеуде жүргені анықталған. Интерпол деректерінде оған Эстония билігі «салықтан жалтарған» деген күдікпен іздеу жариялағаны айтылған.

Reuters агенттігіне Хайдари өзіне іздеу жарияланғандығынан хабардар екендігін, бірақ тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Ауғанстан президентінің баспасөз хатшысы Назифулла Саларзай президент әкімшілігі Хайдариге халықаралық іздеу жарияланғаны туралы енді ғана естіп отырғанын және бұл ақпарат тексерілетінін айтқан. «Егер тағылған айыптар дәлелденсе, ол үміткерлер (министр қызметіне – ред.) тізімінен алып тасталынады» деген Саларзай.

Президент Ашраф Ғани қаңтардың 12-сі күні үкімет құрамына лайықтылардың тізімін жария еткенде, ауыл шаруашылығы министрлігін басқаруға үміткер ретінде Мохаммед Якуб Хайдаридің есімі аталған еді.

52 жастағы Хайдари кезінде СССР-да әскери училищеде білім алған. 1992 жылы президент Наджибулла биліктен тайдырылған соң Ауғанстаннан кетіп қалған ол Эстонияда жеке бизнеспен айналысқан.

XS
SM
MD
LG