Accessibility links

Йемен президентінің отставкасы хабарланды


Йемен астанасы Санадағы үкімет әскері мен шииттік хути жасақтары арасындағы қақтығыс. 19 қаңтар 2015 жыл.
Йемен астанасы Санадағы үкімет әскері мен шииттік хути жасақтары арасындағы қақтығыс. 19 қаңтар 2015 жыл.

Йемен президенті Абду-Раббу Мансур Хади шииттік жасақтармен ел астанасы Сана қаласын бақылауға алу үшін күрес жалғасып жатқан тұста отставкаға кетуге өтініш білдірді.

Президент кеңесшісі Сұлтан әл-Атвани мен басқа да көмекшілері Мансур Хадидің қызметінен кеткенін растады. Бірақ Йемен үкіметіндегі кейбір ақпарат көздері парламент президенттің отставкасын қабылдамағанын айтады. Премьер-министр Халид Баха да қызметінен кеткен.

Шииттік хути жасақтары өткен жылдың қыркүйегінде Сана қаласын басып алып, елдің ішкі ісіне белсенді араластыруды талап еткен. Үкімет әскері мен көтерілісшілер арасында жүрген ауыр шайқастардан өткен аптаның соңында 35 адам қаза тапты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Йеменге көрші мемлекеттер президент Мансур Хадиге қолдау білдірген.

Сананы басып алған соң хути жасақтары Йеменнің оңтүстігі мен шығысына шабуылдап, ол аймақтарда "әл-Қаида" содырлары мен сүнниттік жасақтардың қарулы қарсылығына тап болуда.

"Әл-Қаида" ұйымының Йемендегі қанаты аса қауіпті террористік ұйым деп саналады. Бұл ұйым қаңтардың 7-сінде Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналы редакциясына жасалған шабуылды мойнына алған.

XS
SM
MD
LG